Қазақстандық өндірушілерді Қытайда өткізілетін ауылшаруашылық көрмелерге белсенді қатысуға шақырды (ФОТО)
БЕЙЖІҢ-ЯНЬЧЭН. ҚазАқпарат - Қазақстандық өндірушілерге Нанкин қаласындағы ауылшаруашылық тауарларының көрме залында жыл бойы қолданылатын жеке стенд ақысыз ұсынылады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Шанхай қаласындағы Бас консулы Жошыхан Қыраубаевтың Цзянсу провинциясының басшылығы және ірі экспорттық-импорттық ауылшаруашылық компаниялардың басшыларымен өткізген келісөздерінің қорытындылары бойынша белгілі болды.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Цзянсу провинциясының өнеркәсіп және ауылшаруашылық салаларындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығының нақты бағыттарын талқылап өтті.
Ж.Қыраубаев ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың таяудағы сапарының барысында Цзянсу провинциясы халық өкілдерінің Бүкілқытайлық жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы -партия комитетінің хатшысы Лоу Чжицзюнмен Қазақстан мен Цзянсу провинциясының арасындағы ынтымақтастықты дамыту болашағын талқылағанын атап өтті.
Қазақстандық дипломат Қазақстандағы инвестициялық климат, «Нұрлы жол» бағдарламасының қытайлық «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасымен түйісуі, сондай-ақ ҚР-ның ауыл шаруашылығын дамыту және оның табиғи өнімдер шығару ісіндегі басымдықтары туралы баяндап берді.
Ян Гэнпин Ж.Қыраубаевты Цзянсу провинциясы басшылығының Н.Назарбаевпен кездесу кезінде қол жеткізілген келісушіліктерге үлкен мән беріп отырғанын айтты. Қытайлық шенеунік ҚР Президентінің екіжақты қатынастарды дамыту және Еуразиялық құрлықта тұрақтылықты сақтау ісінде сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.
Тараптар инвестициялау мәселесін мұқият түрде зерттеп, салалық бағыттар делегацияларымен алмасуды келісті. Ян Гэнпин қазақстандық ауылшаруашылық өндірушілерді Қытайда өткізілетін ауылшаруашылық көрмелерге белсенді қатысуға шақырды. Бұл ретте ол қазақстандық өндірушілер үшін Цзянсу провинциясының Нанкин қаласындағы ауылшаруашылық тауарларының көрме залында жыл бойы қолданылатын жеке стендті ақысыз ұсынуға дайын екенін мәлімдеді.
Еске сала кетейік, Нанкин (Наньцзин - «оңтүстік астана») - Цзянсу провинциясының әкімшілік орталығы және Янцзы өзенінің төмен аңғарындағы кемежай, Қытайдың бұрынғы астанасы. Ол елдің шығысында, Шанхай қаласынан солтүстік-батысқа қарай 260 шақырым жерде орналасқан. Ірі өнеркәсіп және мәдениет орталығы. Халық саны 8 млн. адамнан асады.