Қазақстандық сарапшылар «Бурабай» еуразиялық пікірталас алаңын құруды ұсынуда
МӘСКЕУ. 6 ақпан. ҚазАқпарат - Қоғамдық диалогты дамытуды Бірыңғай экономикалық кеңістікте және еуразиялық одақта да тиісті институционалдық құрылымда атқару қажет.
Бұндай қорытындыға бүгін «Еуразиялық интеграцияға қоғамдық қолдау қажет пе?» деген тақырыпта өткен Астана-Мәскеу телекөпірі барысында қазақстандық және ресейлік сарапшылар келді.
«Солтүстік-Оңтүстік» саясаттану орталығының атқарушы директоры Алексей Власовтың сөзіне қарағанда, үш мемлекет кеңістігіндегі экономикалық интеграцияға қоғамдық диалог форматын қосу қажет. ҚР және РФ арасындағы басты мәселе бұл - интеграциялық экономикалық жобаларға қоғамдық қолдаудың жеткіліксіздігі.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры жанындағы Әлеуметтік әріптестік орталығының жетекшісі Нұрлан Ерімбетов атап өткендей, бүгінгі күні екі елдің өзара қарым-қатынасы «жалған сарапшыларға, жасық саясаткерлердің еншісіне берілген».
Оның сөзіне қарағанда, интеллектуалды және рухани қатынас алдыңғы қатарға шығуы керек.
«Неге бүгінгі күні «Валдай» сияқты клуб құрмасқа? Мен өзіміздің нұсқамызды ұсынамын - «Бурабай». Жақсы орын, тек қана әңгімелесіп, пікір алмасып қана қоймай, демалуға да мүмкіндік болады», - деді ол.
Ресейлік сарапшылар «Бурабай» базасында пікірталас клубын құру идеясына қолдау білдірді.