Қазақстандық сарбаздар «Кембриялық патруль-2015» оқу-жаттығуында тәжірибе жинақтайды

Оқу-жаттығуға Ұлыбритания және шет елдері Қарулы Күштері түрлерінің арнайы бөлімшелері қатысады, деп хабарлайды ҚР ҚМ баспасөз қызметі. Оқу-жаттығу шеңберінде қазақстандық әскери қызметшілер өздерінің дағдыларын жетілдіруге және жергілікті жерді патрульдеу бойынша іс-шараларды ұйымдастыруда тәжірибе алмасатын болады. Оқу-жаттығу Ұлыбритания корольдік Қарулы Күштерінің 160-механикаландырылған жаяу әскер бригадасының базасында екі кезеңде өткізіледі, яғни, дайындық және белсенді фаза.
«Кембриялық патрульдердің» сайысы 40 жылдан бері жыл сайын Ұлыбританияда өткізіліп тұрады. Бұл жарыс сайыс болып табылмайды, бұл жауынгерлік арнаулы тапсырмаларды орындауға бағдарланған жаттығуларды орындау. Командалар өзара сайысқа түспейді, ал жауынгерлікке барынша жақындатылған жағдайларда тапсырмаларды орындайды. Сайысқа өңірлік, аумақтық және халықаралық командалар қатысады, онда қатысушылардың көшбасшылық қасиеттері, олардың далалық машығы, тәртібі, сондай-ақ психологиялық және дене шыдамдылығы тексеріледі. 2013 жылы шет мемлекеттерін 18 команда (Канада, АҚШ, Франция, Австралия, Германия, Дания және т.б.) ұсынды. «Кембриялық патрульдер» арнайы мақсаттағы әскерге іріктеумен салыстыруға келетін ең күрделі және мәртебелі сайыстардың бірі болып табылады. Әскери қызметшілердің дене даярлығына ерекше талаптар қойылады, өйткені, оларға 25 келі жүкпен Кембриялық таулардың бөктеріне 50 шақырым жаяу өткелден өрмелеп өтуге, 1000 метрден аса биіктікке көтерілуге және 750 метрге төмен түсуге тура келеді. Додаға Ұлыбритания Қарулы Күштерінің бөлімшелері мен резервшілер, сондай-ақ 18-ден аса шетелдік командалар қатысады. Қатысушылардың жалпы саны 100 патрульден асып жығылады. Жарыс 10 күн бойы өткізіледі.