Қазақстандық шекарашылар қырғыз әріптестеріне Жеңіс эстафетасының символын тапсырды (ФОТО)
БІШКЕК. ҚазАқпарат - Бүгін Мемлекеттік шекараның қырғыз-қазақстандық учаскесінің «Ақтілек-Қарасу» бақылау-өткізу бекетінде қазақстандық шекарашылар қырғыз әріптестеріне Жеңіс эстафетасының символын салтанатты жағдайда тапсырды.
Шара Қазақстан мен Қырғызстанның мемлекеттік әнұрандары орындалуымен басталды. ҚР ҰҚК Шекара қызметінің «Оңтүстік» өңірлік басқармасы бастығының орынбасары, полковник Әбусахит Төлегенов пен Қырғыз Республикасы Мемлекеттік шекара қызметінің тәрбие жұмыстары жөніндегі басқарма бастығы, полковник Анарбай Келдібаев Жеңіс эстафетасы символын беру туралы хаттамаға қол қойды. Қордай ауданынң әкімі Қуат Иманалиев ардагерлер мен қонақтар алдында құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Ирхин, Қырғыз республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тарас Тоқомбаев, ҚР Мемлекеттік шекара қызметі ардагерлер кеңесінің төрағасы Сталбек Асакеев және ауған соғысының ардагері Петр Узловтар құттықтау лебіздерін жеткізді.
Қазақстандық және қырғызстандық шекарашылар соғыс жылдарының әндерін орындап, көрермендерге қуаныш сыйлады.
Әскери-патриоттық Жеңіс эстафетасы 2015 жылғы 2 ақпанда екі қаладан - Брестіден (Беларусь Республикасы) және Мурманскіден (Ресей Федерациясы) басталған болатын. Эстафета Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының сыртқы шекаралары бойымен өтуде, ол Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған.
Қырғыз аумағы арқылы Жеңіс эстафетасы 2-7 мамыр күндері Қарақол, Нарын, Балықшы, Бішкек және Ош облысының Алай ауданындағы Гүлша ауылы арқылы өтеді. Осы қалалар мен елді мекендерде салтанатты шаралар, тақырыптық кештер, көрмелер, кәсіби әртістер мен көркемөнерпаздар ұжымдарының концерттері болады.
7 мамырда қырғыз шекарашылары Эстафетаны өздерінің тәжік әріптестеріне тапсырады. Бұдан әрі Эстафета Өзбекстан, Түркіменстан, Әзербайжан аумақтары арқылы өтіп, 28 мамырда Мәскеу қаласындағы Тағзым тауында мәреге жетеді.