Қазақстандық студент алғаш рет беделді швециялық сыйлыққа ие болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық студент алғаш рет Global Swede Award 2017 беделді швециялық сыйлықтың лауреаты атанды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақовқа сілтеме жасап.
«Біздің отандасымыз Адина Хамитова бұл сыйлыққа Швециядағы ең ірі және Еуропадағы ең үлкен медициналық университеттердің бірі саналатын Каролин институтының атынан ұсынылған еді. Ол халықаралық қатынастарды дамытуға және инновацияға қосқан үлесі мен академиялық жетістіктері үшін үздік шетелдік студент болып танылды. Марапаттау рәсіміне Қазақстанның Швециядағы елшісі Дастан Елеукенов те қатысты», - деп хабарлады Ә.Жайнақов өзінің Фейсбуктегі парақшасында.
Аталмыш сыйлықты табыстау рәсімі жақында Швецияның Сыртқы істер министрлігінде болып өтті. Адина Хамитоваға награданы Еуропалық одақ істері және сауда министрі Анн Линде табыс етті.
А. Хамитова Каролин университетінде «Денсаулық сақтау экономикасы, саясат және менеджмент» мамандығы бойынша магистратурада 2015 жылдан бері білім алуда. Global Swede Award сыйлығы жыл сайын Стокгольмде халықаралық қатынастарды дамытуға, инновацияға, академиялық жетістіктер мен кәсіпкерлікке қосқан үлесі үшін дарынды шетелдік студенттерге беріледі.