Қазақстандық теннисші Италиядағы турнирдің жеңімпазы атанды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Андрей Голубев жұптық сында Италиядағы Тоди челленджер турнирінде жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыстың (жүлде қоры – 88 520 еуро) бірінші ракеткасы болып тіркелген А.Голубев уругвайлық Ариэл Бехармен бірге қарсылас шақ келтірген жоқ.

Рейтингісі жоғары болғандықтан, қазақстандық-уругвайлық жұп бірден ширек финалдан бастап, онда италиялықтар Лоренцо Музетти мен Джулио Зеппиериді 7:5, 7:6 есебімен ұтты. Ал жартылай финалда Польша елінің өкілдері Карол Дзевецки мен Шимон Валковтан 6:2, 6:4 есебімен басым түсті.

Финалда А.Голубев пен А.Бехар франциялықтар Эллиот Беншетри мен Хьюго Гастонмен күш сынасты. 1 сағат 11 минутқа созылған бәсекеде қазақстандық-уругвайлық дуэт 6:4, 6:2 есебімен жеңіске жетті.

Бұл А.Голубев пен А.Бехардың челленджер турнирлеріндегі биылғы алғашқы табысы емес. А.Голубев отандасы Александр Недовесовпен бірге Бангкок пен Кампада чемпион атанса, А.Бехар Ньюпорт (АҚШ) жарысында үздік шыққан еді. Уругвайлық теннисші челленджер турнирлерінде жұптық сында осымен 12-інші рет жеңімпаз атанып отыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Цинциннати турнирінде жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар
telegram