Қазақстандық жобалар бүкіл түркі әлемінде зор маңызға ие – әзербайжандық ғалым

БАКУ. ҚазАқпарат - ҚР Президентінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласымен таныса отырып, Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығындағы Қазақстанның жоспарлы түрде түркі әлеміне аса қажетті жобаларды іске асырып жатқанына тамсана әрі қызыға қарауға болады. Әзербайжанның Ұлттық ғылым академиясының Құқық және адам құқығы институтының ғылыми қызметкері, Кавказ тарихы орталығының директоры Ризван Гусейнов осылай деп пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Қазақстан Президентінің мақаласын оқи отырып, оның маңызы мен барлық тарауы бүкіл түркі халықтары үшін жаһандық маңызға ие екендігін атап өткім келеді. Оның бүкіл түркі әлемінде айтулы әлеуеті баршылық. Тереңірек түйсінсек, оның шекарасының шет-шегі жоқ», - деді Гусейнов «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, мақаладағы барлық жеті бағыт - түркі сана-сезімін жаңғырта отырып, барша түркі елдерінің болашағына үміт сыйлайды.

«Өткеннен сабақ ала отырып, бүгінімізге баға бере аламыз. Бұл ретте, ең бастысы, біз қалай және қай бағытқа жылжуымыз керек деген сұраққа жауап бар. Осы орайда Қазақстанның жаһандық жобаларына қолдау білдіргіміз келеді», - дейді ол.

Ғалымның пайымдауынша, 2019 жылы өткізілетін түркологтардың съезі түркі елдерінің интеллигенциясы арасындағы байланысты нығайтып, бірлікті бекемдей түсу жолында үлкен рөл атқарады.

«Кавказ тарихы орталығы түркі мұраларын, мәдениеті мен тарихын сақтау бойынша қазақстандық тарап бастаған жаһандық жобаларды іске асырушылардың қатарында болғысы келеді. Қазақстанның қолға алып жатқан шаруасы - келешектегі әлемдік процестерде түркі мәдениеті мен тарихының жаһандық рөлін түсіндіруде теңдессіз үлес қосары анық», - дейді орталық директоры.

Еске сала кетсек, 21 қараша күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар