Қазақстандық ЖОО шетелдік серіктестерінің қызығушылығын арттыруда
АЛМАТЫ. 17 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстандық жоғары оқу орындары қазір озық білім беру технологияларын қабылдаушы ғана болып қоймай, өзіндік жеке технологияларын өзгелермен де бөлісуге дайын.
Қызығушылық білдірген шетелдік серіктестердің қатарына енді Солтүстік Америка құрлығындағы ең беделді оқу орындарының бірі саналатын, негізі ХХ ғасырдың басында қаланған Эдмонтон қаласындағы канадалық Альберт университеті еніп отыр. Халықаралық бизнес университетінің баспасөз қызметі таратқан хабарламаға қарағанда, 2 оқу орнының басшылары арасында жақында ынтымақтастық жолдарын талқылауға арналған кездесу өткен. Онда тараптар студенттер мен оқытушылар алмасу, бірлескен ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізу жайын қарастырған.
Бұған дейін Халықаралық бизнес университетіне Кипр университетінің президенті Мехмет Али Юкселен мен бас хатшы Мурат Тузункхан келіп қайтқан болатын. Онда серіктестер ынтымақтастық туралы келісімге келіп, соның негізінде сәйкес меморандумдар жасауға кірісті. Кипрліктердің пайымдауынша, білім беру саласындағы жобалар бірлескен бизнестерді жүзеге асыруға және инвестиция тартуға көмегін тигізбек. Мұндай пікірді оның алдында, Оңтүстік Кореяның Вусонг университеті мен Солбридж мектебінің басшылары да айтқан еді.