Қазақстандық ЖОО түлектері Германия Парламенті депутаттарының көмекшілері қызметінде еңбек етпек
Неміс Парламентінің өкілдері түлектермен Астана және Алматы қалаларында кездесулер өткізеді. Жеке-жеке сұхбат жүргізеді. Соның қорытындылары бойынша 5 адамды іріктеп алмақ. Олар 30 жастан аспаған, жоғары білімді, неміс тілін жетік меңгерген, Германия мен Қазақстан парламентаризмі жүйесінде біліктіліктері бар жас маман болулары тиіс.
«Олар өте қатаң шарттар мен жағдайларға тап болады. Себебі Германияға келген күннен бастап неміс Бундестагының депутаты кеңсесінде көмекші қызметіне бірден кірісіп кетуі керек болады. Бұл дегеніміз, аталмыш депутаттың жұмысына толығымен жұмыла араласуды білдіреді», - деп атап өтті Д.Энкельманн.
Жалпы, Германиядағы алты айлық тәжірибе неміс Бундестагындағы жұмыспен шектелмейді. Қазақстандық жас мамандар Берлиннің жоғары оқу орындарының бірінде өткізілетін дәрістерге қатысады. Сонымен қатар қатысушылар Брюссельге де ат басын тіремек. Онда олар Еуропалық парламенттің жұмысымен танысады.
«Бундестаг депутаттары үшін бұл Қазақстан өкілдерімен пайдалы әріптестік болады. Олар кофе немесе шәй таситын құр қатардағы тәжірибе алушы болмайды. Алты ай бойы Бундестагта жұмыс істейтін, бір команданың толыққанды мүшесі болады», - деді Д.Энкельманн.
Жалпы бұл бағдарламаға 25 елдің 120-дан астам жастары қатысуда. Ережелері туралы неміс Бундестагының ресми сайтында танысуға болады.