Қазақстандықтар Данэлия Төлешоваға қалай дауыс бере алады
Байқау сайтында онлайн дауыс беру басталды. Мына жерде әрбір қазақстандық азамат өзіне ұнаған 5 қатысушы, соның ішінде отандасымыз Данэлия Төлешоваға дауыс бере алады. Дауыс беру 25 қарашада жабылып, финалдық концерттен кейін тағы 15 минутқа ашық болады. Байқаудың ақтық кезеңінің тікелей көрсетілімін 25 қараша күні сағат 21:00-де «Хабар» телеарнасынан тамашалауға болады. 23 қарашадан бастап сайтта берілген барлық дауыс есептеліп, ұпайға өзгертіледі. Көрермендердің онлайн дауыс беруі барысында жиналған барлық ұпай - қатысушыны бағалаудың жартысы ғана, қалғаны қазылар алқасының берген ұпай санымен қосылып бағаланады.
Қазіргі кезде Данэлия финал алдындағы соңғы дайындығын жүргізіп жатыр. Бұрын хабарланғандай, қазақстандық жас әнші үшін қойылымды танымал ресейлік режиссер Алексей Голубев дайындауда.
«ҚазАқпарат» редакциясы Балалар Евровидениесіне дайындық жұмыстарының фотосуретке түсірілген ең жарқын сәттерін бірге тамашалауды ұсынады.