Қазақстандықтар жаңа көліктерге жарты триллион теңге жұмсады
Ұйымның вице-президенті Анар Мақашеваның айтуынша, өткен жылы қазақстандықтар 60 мың жаңа көлікті сатып алды. Соның тең жартысы - өз елімізде құрастырылған автомобильдер. Жалпы, Қазақстан xалқы жаңа көліктерді сатып алуға 547 млрд теңге жұмсады. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 24 процентке артық.
«Әрине, Үкімет тарапынан жасалған қолдау шаралары отандық автоөнеркәсіптің дамуына оң ықпалын тигізді. Мәселен, ескі көліктерді утилизациялау бағдарламасы аясында қазақстандықтар 90 мың ескі көлікті тапсырып, жаңа көлік сатып алды. Бүгінде осы жұмыспен «Оператор РОП» компаниясы айналысады. Олар ескі көлік үшін ақшаны, я болмаса, арнайы ақшалай куәлікті береді. Аталған куәліктің ақшасын салоннан жаңа көлікті алғанда пайдалануға мүмкіндік бар. Бір адам екі куәліктің ақшасын қосып, су жаңа темір тұлпарды сатып алуға сала алады. Бұдан бөлек, 4 проценттік автонесие бар. Үкімет аталған бағдарламаға қаржылай қолдау көрсетіп, ағымдағы жылы оны ары қарай жалғастырады деген үмітіміз бар», - деді А.Мақашева Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Айта кеткен жөн, өткен жылы өз елімізде құрастырылған көліктер импортпен келетін автомобильдерді ығыстырып, өз үлесін алғаш рет 55 процентке дейін жеткізді. Қазақстанның автобизнес қауымдастығының болжамына сәйкес, қазіргі көрсеткіштер сақтала берсе, 2019 жылда жаңа көлік сатылымы 70 мың данаға жетеді.