Қазақстанға бірқатар шетелдік лауазымды тұлғалар келеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада еліміздің басқа елдермен қарым-қатынасында бірқатар іс-шаралар атқарылады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қызмет өкілі Әсет Мұқажанов айтты.
"Осы аптада елімізге Германия Сыртқы істер министрі Франк Вальтер Штайнер мырза келеді. Ал 12-13 қарашада Грузия Премьер-министрі Иракли Гарибашвили біздің елге жұмыс сапарымен келеді", - деп атап өтті ол.
ОКҚ өкілінің айтуынша, 10-11 қарашада елімізге Италияның экономикалық даму вице-министрі Карл Календа мырза бастаған италияндық бизнес-делегация келеді. Сапар аясында қазақстандық-италияндық бизнес-форум өтеді.
"11-13 қараша аралығында ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов ресми сапармен Бельгияға барады", - деп атап өтті өкіл.
Сондай-ақ оның мәліметінше, 11 қарашада Мәскеуде ТМД қорғаныс министрлері кеңесінің отырысы өтеді. Отырыс аясында еліміздің Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов достастық елдерінің қорғаныс министрлерімен екіжақты кездесулер өткізеді.
Ал 10 қарашада Қазақстан мен Түрікменстан Республикалары арасында тауар айналымын атқару және тауарлық номенклатураны кеңейту жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысы өтеді.