Қазақстанға Өзбекстаннан 5 млн турист келген

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін елордада Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы туристік ынтымақтастықты дамытуға арналған форум өтті. Жиынға екі елден 300-ге жуық адам қатысты.

Бәйтерек Астана
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Былтыр Қазақстанға Өзбекстаннан 5 млн астам саяхаттай келіпті. Ал бізде Ташкент пен Бұхараны көруге 2,6 млн қазақстандық барған. Бүгінде екі ел арасында аптасына 50-ден астам тұрақты әуе рейсі қатынайды. Соңғы бір жылда қатарға 6 жаңа тікелей бағыт қосылған.

елордада Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы туристік ынтымақтастықты дамытуға арналған форум өтті
Фото: Аружан Арманқызы/Kazinform

— Цифрлар өздігінен-ақ бәрін көрсетіп отыр. Бүгінде Қазақстан Өзбекстанға туристер ең көп келетін елдер арасында Қырғызстаннан кейінгі екінші орында тұр. Екі ел үшін де бұл сала ұлттық экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің бірі. Сондықтан туризмді дамыту мен қолдау екі мемлекеттің Үкіметтері үшін басым бағыттардың бірі саналады. Сонымен қатар екі халықтың бай мәдени-тарихи мұрасын да атап өту керек, — деді Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бахтиёр Ибрагимов.

Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бахтиёр Ибрагимов.
Фото: Аружан Арманқызы/Kazinform

Форумда тарихи және киелі орындарды қамтитын зиярат туризмін дамыту мәселесі де талқыланды. Туроператорлар мен бизнес өкілдері жаңа туристік өнімдер мен бірлескен жобаларды таныстырды. Медициналық туризмге де ерекше назар аударылды.

— Өзбекстанда медициналық туризм жақсы дамыған. Мәселен, ең үздік төрт шипажайды алсақ, келушілердің 98 пайызы — қазақстандықтар. Бүгінгі форум екі елге медициналық туризмді бірлесіп дамытуға және осы бағытта тәжірибе алмасуға жақсы мүмкіндік береді, — деді Healthy Holiday санаторийлер желісі бас директорының орынбасары Раиса Ибрагимова.

Healthy Holiday санаторийлер желісі бас директорының орынбасары Раиса Ибрагимова
Фото: Аружан Арманқызы/Kazinform

Жалпы, форум екі елдің туристік бизнес өкілдері арасында жаңа байланыстар орнатуға мүмкіндік береді. Тараптар туристік бағыттарды көбейтіп, жаңа өнімдер әзірлеуге және медициналық туризмді дамытудағы ынтымақтастықты күшейтуге ниетті.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Өзбекстанның ең ірі үш сауда серіктесінің қатарына да кіргені белгілі болды.