Қазақстанға Ресей, Қытай, Өзбекстаннан кіретін 6 өзеннің суы пайдалануға мүлдем жарамсыз күйге жеткен

АСТАНА. KAZINFORM – Экология және табиғи ресурстар министрлігінің  уытты заттардың трансшекаралық тасымалдануы жөніндегі жарты жылдық бюллетені жарияланды.

Қазақстанға Ресей, Қытай, Өзбекстаннан кіретін 6 өзеннің суы пайдалануға мүлдем жарамсыз күйде жеткен
Коллаж: Kazinform

Құжаттағы мәліметке сүйенсек, мамандар елге сырттан кіретін 31 трансшекаралық өзеннің бойына орнатылған 39 гидрохимиялық тұстамадан алынған сынамаларға мониторинг жүргізген.

Соның қорытындысы бойынша, Ресей Федерациясынан елге ағып кіретін 6 өзенде уытты заттармен ластанудың 5-класы тіркелген. Яғни, бұл өзендердің суы тек гидроэнергетика, пайдалы қазбаларды өндіру, гидрокөлік сияқты өнеркәсіптің кейбір түрлеріне ғана жарамды деген сөз. Олар: Есіл (қалқыма заттар), Үй (никель), Жайық (фосфаттар), Шаған (фосфаттар), Қараөзен (фосфаттар), Сарыөзен (фосфаттар), Елек – Шілік а. (фосфаттар).

Ал ластанудың «5+» класы Ресейден келетін 4 өзенде байқалған. Яғни, бұл өзендер су пайдаланудың барлық түріне жарамсыз деген сөз. Олар: Тобыл – Аққарға а. (кальций, магний, минерализация, хлоридтер, марганец, никель, сульфаттар), Тобыл – Милютинка ст. (марганец), Әйет (марганец), Тоғызақ – Тоғызақ ст. (марганец), Обаған (магний, минерализация, марганец, хлоридтер).

Сондай-ақ, бастауын Қытайдан аумағынан алып жатқан 2 өзенде ластанудың «5+» класы тіркелген. Олар: Қара Ертіс (қалқыма заттар), Емел (қалқыма заттар). Өзбекстаннан ағып кіретін Келес өзені де ластанудың «5+ класына» душар болған (қалқыма заттар). Қырғыз Республикасынан кіретін Талас өзенінде ластанудың 5 класы тіркелген (қалқыма заттар).

«Қазақстан Республикасының 7 трансшекаралық өзенінде 51 жоғары ластану, 2 экстремалды жоғары ластануы жағдайы тіркелген», - деп жазылған құжатта.

Бюллетеньде Іле өзенінің арнасындағы химиялық элементтердің шөгінділері азаймай тұрғаны да айтылған.

«Өткен көктемгі маусымда келесі өзендердің арналары химиялық элементтермен көбірек ластанған болып шықты: Іле өзені – ластану көздері белгісіз, бұл ақпаратты алу қажет. Сондай-ақ, Қарабалта өзенінің ластану көздері ретінде Ақ-Түз кен орнындағы кенді қайта өңдеу қалдықтары және «Қара-Балта» тау-кен кәсіпорнының (Қырғызстан) радиоактивтік қалдық сақтау қоймасы болуы ықтимал», - деп жазады бюллетень авторлары.