Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялар ағыны соңғы он жылда 219 млрд. долларды құрады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялар ағыны соңғы он жылда 219 миллиард долларды құрады. Бүгін Сенатта өткен Инвестициялар және даму министрлігінің басшылығымен кездесу барысында палата төрағасының орынбасары Асқар Бейсенбаев осылай мәлім етті.
None
None

Еске салайық, еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері талқыланған шараға сенаторлар, Инвестициялар және даму министрлігінің басшылары, Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері, «Кaznex Invest» және«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдері қатысқан болатын.

Жиында сөз сөйлеген Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Бейсенбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы инвестициялық ахуалды жақсартуға байланысты жүктелген міндеттерге тоқталды.

«Елбасы өңдеуші өнеркәсіпке стратегиялық инвесторларды тарту, экономиканың басымдыққа ие секторларында бірлескен кәсіпорындарды құру, тауарлардың экспортын құру және Қазақстанның әлемдік нарыққа шығуы үшін өңдеуші секторға кемінде он шақты трансұлттық компанияны тарту жөніндегі бағыттарды айқындады. Осыған байланысты, Президент экономикаға инвестициялар көлемін жыл сайын ұлғайту, тұтастай алғанда 10 жыл ішінде кемінде 100 миллиард долларға жеткізу міндетін жүктеді. Парламент бұл тапсырмаларды іске асыру бойынша инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған тиісті заңнамалық актілер қабылдап, инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау жөніндегі бірқатар халықаралық келісімдер ратификацияланды», - деді Асқар Бейсенбаев.

Вице-спикердің айтуынша, қазіргі таңда инвесторлар тарапынан Қазақстанға қызығушылық арта түсуде. «Мәселен, соңғы он жылда жалпы тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 219 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл жетістіктерге қол жеткізуге терең ойластырылып құрылған мемлекеттік саясат та ықпал етті»,- деді А.Бейсенбаев.

Соңғы жаңалықтар