Того елінің басшысы: Қазақстанмен стратегиялық серіктес болуға мүмкіндік бар

Фор Гнассингбе құрмет көрсеткені үшін Қазақстан тарапына алғыс айтып, өзара мүддені көздейтін экономиканың түрлі салаларында ынтымақтастық орнатуға бейілді екенін растады
«Қазақстанға сапармен келуге шақыруыңыз біздің қарым-қатынасымызға тың серпін береді. Қазақстан мен Тогоның стратегиялық серіктес болуға мүмкіндігі бар. Сіздің еліңіздің экономикалық әлеуеті зор. Біздің делегация сауда, экономика, тау-кен, ауыл шаруашылығы, көлік, цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі. Жан-жақты байланыс орнатуға бағытталған келіссөздеріміз қос тараптың өзара ықпалдастықты тереңдетуге ниетті екенін айқын көрсетті», – деді Того Президенті.
Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Того арасындағы серіктестікті дамыту перспективаларын талқылады. Сондай-ақ келіссөз барысында саяси диалогты жолға қоюға, сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге, денсаулық сақтау және әскери өнеркәсіп бағытында өзара ықпалдастық орнатуға ерекше назар аударылды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 27-28 қарашада Того Республикасының Президенті Фор Эссозимна Гнассингбе Қазақстанға ресми сапармен келетінін бұған дейін жазған болатынбыз. Бүгін ҚР Президенті Ақордада Фор Эссозимна Гнассингбені салтанатты түрде қарсы алды. Кейін қос ел басшылары шағын құрамда келіссөз өткізді. Ал кеңейтілген құрамдағы әңгіме барысында Қ.Тоқаев Қазақстан Тогомен арадағы ықпалдастықты нығайтуға мүдделі екенін, Тогоны Африкадағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті.
Қазақстан Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәлиұлы бұл сапардың мәні мен маңызы туралы айтты.
Kazinform тілшісі Того Республикасының тарихына, президентіне қатысты ғаламтордағы деректерге көз жүгірткен еді.