Фор Эссозимна Гнассингбенің Қазақстанға ресми сапарының маңызы қандай

Берик Уали
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысының шақыруымен 27-28 қарашада Того Республикасының Президенті Фор Эссозимна Гнассингбе Астанаға алғаш рет ресми сапармен келеді. Осы орайда Қазақстан Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәлиұлы бұл сапардың мәні мен маңызы туралы айтты, деп хабарлайды Kazinform.  

Оның айтуынша, қазіргі халықаралық жағдайда Қазақстан сыртқы саяси және экономикалық ынтымақтастық аясын кеңейтуге мүдделі. Осыған байланысты Африка елдерімен арадағы байланыстарды жандандыру перспективті бағыттардың бірі саналады.

«Бүгінде бұл құрлықтың даму және экономикалық өсім әлеуеті зор екенін атап өткен жөн. ҚХР, Ресей, АҚШ, Еуропа Одағы және басқа да көптеген мемлекет пен аймақтық бірлестіктер осы континентпен ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударады. Келесі жылы Қазақстан мен Того арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 10 жыл толады. Қазіргі таңда екі ел БҰҰ, ИЫҰ және Африка одағы сияқты халықаралық ұйымдар шеңберінде ықпалдастық орнатқан. Еліміз 2013 жылдан бастап аталған құрлықтың 54 мемлекетін біріктіретін Африка Одағында бақылаушы мәртебесіне ие болды», - деді Берік Уәлиұлы.

Президент кеңесші Африка елдері, оның ішінде Того Қазақстанға және оның экономикалық мүмкіндіктеріне зор қызығушылық танытып отырғанын мәлім етті.

«Сауда-экономикалық қатынастарды жаңа деңгейге көтеру үшін мол әлеует бар. Былтыр Қазақстанның Африка мемлекеттерімен арадағы тауар айналымы 1 миллиард доллардан асты. Биылғы 9 айдың ішінде өзара сауда-саттық 568 миллион долларға жетті. Қазақстан шикізат және шикізаттық емес тауар түрлері бойынша аталған құрлыққа экспорт көлемін ұлғайтуға дайын. Тау-кен индустриясы, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, туризм, білім беру салаларындағы ынтымақтастықты ілгерілету үшін мол мүмкіндік бар», - деді Қазақстан Президентінің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Берік Уәлиұлы.

Соңғы жаңалықтар