Қазақстаннан 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатына бару құны қанша
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Ертең, 11 маусымда 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты басталады. Kazinform тілшісі дәл қазір жолға шығуды жоспарлаған қазақстандық жанкүйер үшін Мундиаль матчтарына бару қанша қаражат қажет екенін есептеп көрді.
Әлем чемпионаты қайда өтеді
2026 жылғы әлем чемпионатын АҚШ, Канада және Мексика бірлесіп қабылдайды. Турнир матчтары үш елдегі 16 қалада өтеді: оның екеуі Канадада, үшеуі Мексикада, қалған 11-і АҚШ-та орналасқан.
Батыс аймаққа Ванкувер, Сиэтл, Сан-Франциско және Лос-Анджелес кіреді. Оңтүстік аймақта Мехико, Гвадалахара, Монтеррей, Хьюстон, Даллас және Канзас орналасқан. Ал шығыс аймақта Торонто, Бостон, Филадельфия, Нью-Йорк, Нью-Джерси, Майами және Атланта бар.
Қазақстаннан 2026 жылғы әлем чемпионатына барудың шамамен қанша тұратынын есептеу үшін үш матчты мысалға алдық. Біріншісі – 19 шілдеде АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы Ист-Ратерфорд қаласында өтетін финалдық кездесу. Екіншісі – 17 маусымда Мехикода жоспарланған Өзбекстан құрамасының топтық кезеңдегі алғашқы ойыны. Үшіншісі – 7 шілдеде Ванкуверде өтетін 1/8 финал матчы.
Матч билеттері
Әлем чемпионатына баруды жоспарлаған жанкүйер үшін ең маңызды мәселенің бірі – матч билетін табу. Төртжылдықтың басты футбол додасының басталуына санаулы уақыт қалса да да, кейбір матчтарға билет табуға болады.
ФИФА бөлген ресми билеттердің басым бөлігі әлдеқашан сатылып кеткен. Сондықтан жанкүйерлер билеттерді ресми қайта сату платформасы (ресейл) немесе мамандандырылған платформалар арқылы сатып ала алады.
Алдын ала билет алған жанкүйерлер оны матч басталғанға дейін қайта сатуға қоя алады. Қазіргі таңда қажетті ойындарға Ticombo немесе TicketKosta сияқты платформалар арқылы билет табуға мүмкіндік бар.
2026 жылғы әлем чемпионаты тарихтағы ең қымбат турнирлердің бірі саналады. Жоғары сұраныс пен динамикалық баға жүйесінің әсерінен қайталама нарықтағы билет құны бастапқы бағадан бірнеше есе жоғары болуы мүмкін.
Мысалы, финалдық матч билеттері бірнеше мың доллардан басталса, VIP-пакеттердің құны ондаған мың долларға дейін жетеді. Топтық кезең ойындарына қарапайым орындарға арналған билеттерді 180 доллардан бастап табуға болады.
Алаяқтардың құрбаны болмау үшін билеттерді тек сенімді әрі ресми кепілдік беретін платформалар арқылы сатып алған жөн. Мұндай сервистер билет түпнұсқалығын растаумен қатар, қажет жағдайда қаражатты қайтару мүмкіндігін де ұсынады.
Виза
2026 жылғы әлем чемпионаты матчтарына тамашалау үшін Қазақстан азаматтарына стандартты кіру визасын рәсімдеу қажет. Турнирге аясында жанкүйерлерге арналған арнайы немесе бірыңғай виза қарастырылмаған. АҚШ-та өтетін матчтарға бару үшін B1/B2 туристік визасы керек. Қазақстан азаматтарына бұл виза әдетте бірден 10 жыл мерзімге беріледі. Канадада өтетін ойындарды көру үшін Visitor Visa (Temporary Resident Visa), ал Мексикаға сапарлау үшін туристік виза рәсімделуге тиіс. Дегенмен қолыңызда АҚШ немесе Канаданың жарамды көп мәртелік визасы болса, Мексикаға бөлек виза алмай-ақ, кіруге мүмкіндік бар.
Виза рәсімдеу мерзімі елге және Астана мен Алматыдағы консулдықтардың жүктемесіне байланысты өзгереді. АҚШ визасын алу үшін міндетті түрде әңгімелесуден өту қажет. Қазір Қазақстанда сұхбатқа жазылу кезегі шамамен 1,5-3 айға созылады. Өтініш мақұлданған жағдайда паспорттағы виза әдетте 2-3 жұмыс күні ішінде дайын болады. Жанкүйердің ФИФА арқылы ресми сатып алынған билеті болса, FIFA PASS жүйесі арқылы сұхбатқа басымдықпен жазылу мүмкіндігін қарастыруға болады. Консулдық алым (MRV fee) – 185 АҚШ доллары.
Канада визасы үшін сұхбат талап етілмейді, бірақ өтініш беруші VFS Global визалық орталығында биометриялық деректерін тапсыруы қажет. Құжаттарды қарау мерзімі – орта есеппен 6-12 апта (1,5-3 ай). Өтінішті қарау үшін 100 Канада долларын төлеу керек, ал биометрия – 85 CAD. Жалпы құны – 185 CAD (шамамен 135 АҚШ доллары).
Мексика визасына құжат тапсыру үшін Астанадағы елшілікке жазылу бірнеше аптадан бір айға дейін созылуы мүмкін. Виза 5-10 жұмыс күні ішінде рәсімделеді. Консулдық алым – 53 АҚШ доллары.
Осылайша, АҚШ немесе Канада визасы бар қазақстандықтар Өзбекстан құрамасының матчын көру үшін Мексикаға кіру мәселесі туындамайды. Ал плей-офф кезеңіндегі ойындарға баруды жоспарлаған жанкүйерлердің қабылдаушы елдердің визасын алып үлгеруіне әлі де мүмкіндік бар.
Әуе билеттері
Матчқа билет алынғаннан кейін Солтүстік Америкаға ұшатын рейстерді іздеу керек.
Қазақстаннан әлем чемпионатын қабылдайтын елдер арасында тіке әуе рейстері жоқ болғандықтан, жанкүйерлердің кемінде бір мәрте ауысып отыру арқылы ұшуына тура келеді.
10 маусымдағы жағдай бойынша Алматыдан көрсетілген бағыттарға эконом-класпен барып-қайту билеттерінің бағасы төмендегідей:
• Алматы – Мехико (15 маусымда ұшу, 18 маусымда қайту): Франкфурт арқылы – 630 мың теңгеден (1 291 доллар), Ыстанбұл арқылы – 1,3 млн теңгеден (2 665 доллар);
• Алматы – Ванкувер (6 шілдеде ұшу, 8 шілдеде қайту): Франкфурт арқылы – 585 мың теңгеден (1 200 доллар), Ыстанбұл арқылы – 578 мың теңгеден (1 179 доллар);
• Алматы – Нью-Йорк (18 шілдеде ұшу, 20 шілдеде қайту): Дубай арқылы – 816 мың теңгеден (1 600 доллар), Ыстанбұл арқылы – 875 мың теңгеден (1 800 доллар).
Қонақүй
Әлем чемпионаты өтетін қалалардан матч күндері бос қонақүй табу оңай емес. Ал арзан нұсқаны іздеу одан да қиын.
Соған қарамастан, 10 маусымдағы жағдай бойынша бір адамға арналған мынадай ұсыныстар бар:
• Мехико (16-18 маусым): қарапайым студия – екі түнге 167 доллардан, толыққанды қонақүй нөмірі – 330 долларға дейін.
• Ванкувер (6-8 шілде): қарапайым студия – екі түнге 177 доллардан, қонақүй нөмірі – 913 долларға дейін.
• Нью-Джерси – Нью-Йорк (18-20 шілде): ортақ бөлмедегі төсек орны – 184 доллардан, қонақүй нөмірлері – 2 мың долларға дейін. Бұл күндері өңірдегі нөмірлердің шамамен 78%-ы брондалып қойған.
Жалпы шығын
Тек бір матчқа барып-қайту сапарын есепке алсақ, виза, матч билеті, қонақүй және әуе билеттерін қосқанда айтарлықтай қомақты қаражат қажет болады.
Алматыдан Мехикоға барып, Өзбекстан – Колумбия матчын тамашалау (Мексика визасын қоса есептегенде) бір адамға кемінде 1 691 доллар немесе шамамен 825 мың теңге қажет.
Ванкувердегі 1/8 финал матчын көру (Канада визасымен бірге) бір адамға кемінде 1 692 долларды немесе шамамен 825 мың теңгені қажет етеді.
Ал Алматыдан әлем чемпионатының финалына бару үшін бір адамға кемінде 3 969 доллар, яғни шамамен 1,9 млн теңге қаражат керек.
Біз бірнеше матчты қатар көруге арналған сапар құнын есептеген жоқпыз. Дегенмен мұндай «раунд-триптің» бағасы бір ойынға арналған шығыннан әлдеқайда жоғары болатыны анық.
Кез келген саяхаттағыдай мұнда да бір қағида өзгермейді: неғұрлым ерте брондасаңыз, соғұрлым арзанға түседі.
Мундиальға сапарын алдын ала жоспарлаған жанкүйерлер ақша мен уақытты едәуір үнемдеді. Ал соңғы сәтте билет іздегендер сұраныстың күрт артуына байланысты әуе билеттері, қонақүй және матч билеттері үшін әлдеқайда қымбат төлеуге мәжбүр болады.
Еске салайық, бұған дейін биылғы футболдан әлем чемпионаты туралы негізгі деректер туралы жазғанбыз.