Қазақстаннан өтетін транзиттік жүктің 50%-дан астамы Ресейден келеді - министр

Қазақстанда жыл соңына дейін темір жолмен жүк тасымалдау көлемі 300 млн тоннаға жетеді. Бұл туралы ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев айтып берді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Жүк тасымалы
Фото: Үкімет

Министрдің айтуынша, еліміздің географиялық орналасуы транзиттік әлеуетті дамытуға үлкен мүмкіндік беріп отыр.

«Биылғы 10 айда темір жол көлігімен жүк тасымалдау көлемі 200 млн 46 мың тоннаны құрап, 3%-ға өсті. Жыл соңына дейін шамамен 300 млн тонна жүк тасымалданады. Қазіргі уақытта теміржол көлігі экономиканың экспорттық бағыттағы қажеттіліктерін толық көлемде қамтамасыз етеді», - деді М. Қарабаев бүгінгі Үкімет отырысында.

Жыл басынан бері экспорттық тасымалдау 70 млн 700 мың тоннаны құрап 8, 5%-ға өскен.

«Транзиттік тасымалдар да белсенді қарқынмен дамуда. 10 айдың қорытындысы бойынша транзиттік жүк тасымалдау көлемі 19%-ға өсіп, 22 млн 500 мың тонна болған. Бұл ретте контейнерлік тасымалдар 15%-ға ұлғайды. Жолаушыларды тасымалдау көлемі 2,5%-ға артып, 16 млн 600 мың жолаушыны құрады. Президенттің елдің көліктік-логистикалық әлеуетін дамыту тапсырмасы шеңберінде транзиттік тасымалдарға ерекше назар аударылуда», - деді Көлік министрі.

Контейнерлік тасымалдардың 2022 жылғы көрсеткіші 2020 жылмен салыстырғанда 29%-ға артты. Ал биылғы өсу қарқыны 15% деңгейінде сақталып отыр. Транзиттік жүктердің негізгі бағыттары – Қытай мен Ресей. Ресейден келетін жүктер дәстүрлі транзиттің 50%-дан астам көлемін алады.

«Дегенмен, соңғы жылдары Қытайдан Еуропа және көршілес елдерге Қазақстан арқылы жөнелтілетін транзиттік жүк көлемі едәуір артып, Қытай Халық Республикасының қазақстандық транзиттік тасымалдаудағы үлесі 27%-ға дейін ұлғайды. Ол тиісінше, 6 млн 200 мың тоннаға тең. Бұл ретте біздің негізгі міндетіміз – трансқазақстандық бағыттардың тартымдылығын арттырып, экономика мен халықаралық транзит қажеттілігін тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету», - деді М. Қарабаев.

Соңғы жаңалықтар