Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстаннан жанармайды заңсыз шығарудың 392 дерегі анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда мемлекеттік шекара арқылы мұнай өнімдерінің тасымалдануына бақылау күшейді. Мемлекеттік кірістер комитеті заңсыз әкетілген 16 мың литрден астам жанар-жағармай материалын анықтады.

Қазақстаннан жанармайды заңсыз шығарудың 392 дерегі анықталды
Фото: Мемлекеттік кірістер комитеті

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, тексеру жұмыстары автомобиль өткізу бекеттерінде ғана емес, шекара маңындағы аумақтарда мобильді топтардың көмегімен де жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар жанармай құю бекеттеріндегі отын сату көлемі мен шағын мұнай өңдеу зауыттарының жұмысына күнделікті мониторинг жасалады.

Бақылау күшейтілген уақыттан бері мобильді топтар 122 автоцистернаны тексерген. Кей жағдайларда отыннан сараптама жасау үшін сынамалар алынған.

— Нәтижесінде жанар-жағармайды заңсыз әкетудің 392 фактісі тіркеліп, жалпы көлемі 16 мың литрден асатын отын шығаруға тосқауыл қойылған. Көбіне заң бұзушылар жанармайды арнайы жабдықталған қосымша бактарға немесе канистрлерге құйып тасымалдауға тырысқан, — деп хабарлады ведомство.

Мәселен, 6 шілдеде Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым» өткізу пунктінде жүк көлігінің қосымша багына жасырылған 1,2 мың литр дизель отынын елден шығаруға әрекет жасалған. Ал 8 шілдеде Павлодар облысының Железин ауданында құжатсыз 4 мың литрден астам бензин тасымалдаған көлік ұсталды.

Бұдан бөлек, Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев Қазақстан–Өзбекстан шекарасындағы бақылау жұмыстарының ұйымдастырылуын тексеріп, шараларды күшейту бойынша тапсырмалар берген.

Комитет мәліметінше, шекара маңындағы жанармай құю станциялары мен шағын мұнай өңдеу зауыттарына жүргізілген талдау нәтижесінде 103 хронометраждық зерттеу тағайындалған.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстаннан жанармай шығаруға тыйым тағы жарты жылға ұзартылуы мүмкін екенін жазған едік.