Қазақстанның батысында ірі есірткі арнасының жолы кесілді

ОРАЛ. KAZINFORM — БҚО Полиция департаментінің қызметкерлері еліміздің батыс өңірлеріне ірі көлемде есірткі жеткізу арнасын әшкереледі.

ь
Фото: Алматы ПД

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері маңғыстаулық әріптестерімен бірлесіп жүргізген жедел іздестіру іс-шаралары барысында есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен ер адамды ұстады.

Полиция қызметкерлері 41 жастағы азаматтың ізіне түсіп, оның Жамбыл облысынан Қазақстанның батыс өңірлеріне есірткі жеткізу арнасын ұйымдастырғанын анықтады. Тыйым салынған жүкті тасымалдау үшін жүк тасымалдау қызметтері пайдаланылып, есірткілер қарапайым сәлемдеме ретінде жасырылған.

Күдікті Ақтау қаласында сәлемдемені алып жатқан сәтінде қылмыс үстінде ұсталды. Сәлемдемені тексеру барысында полиция қызметкерлері ішінде өсімдік тектес зат салынған екі қапты тапты.

- Сараптама қорытындысы тәркіленген заттың кептірілген марихуана екенін растады. Тәркіленген есірткі затының жалпы салмағы 33,5 келіден асты. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, аталған есірткі партиясы еліміздің батыс өңірлерінде одан әрі таратылуға арналған. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Есірткі жеткізу арнасының жолын кесу нәтижесінде тыйым салынған ірі көлемдегі заттардың заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеді, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда алкоголь өнімдерін заңсыз сатудың 140-тан астам дерегі анықталғанын жазған едік.