Оралда алкоголь өнімдерін заңсыз сатудың 140-тан астам дерегі анықталды
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласы полиция басқармасының қызметкерлері алкоголь өнімдерін сату саласындағы заңнама талаптарын бұзудың 143 дерегін анықтады. Аталған деректер бойынша 128 әкімшілік іс қозғалды.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, соның ішінде 8 іс — дәмхана, 50-і — алкомаркет иелеріне, 70-і дүкендерге қатысты.
Күні бүгінге дейін 122 іс қаралып, әкімшілік шаралар қолданылды. Атап айтқанда, 54 субъектінің лицензиясы үш айға, 28-інікі – 2, 17 субъектінің рұқсаты 1 айға тоқтатылды. Тоғыз субъект (1 түнгі клуб, сондай-ақ 8 алкомаркет пен дүкен) лицензиясынан айырылды.
- Сонымен қатар заңнама талаптарын өрескел бұзғаны үшін бір дәмхана мен бір алкомаркеттің қызметі тоқтатылды. Заңсыз кәсіпкерлік қызметі үшін 15 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция қызметкерлері кәсіпкерлік нысандары мен қоғамдық тамақтану орындарының иелерімен тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді. Кәсіпкерлерге заңнама талаптары, алкогольді тыйым салынған уақытта және кәмелетке толмағандарға сатқаны үшін жауапкершілік қарастырылғаны, сондай-ақ қайталанған бұзушылықтардың салдары лицензиядан айыруға дейінгі және қызметті тоқтатуға әкеп соғатыны түсіндіріледі. «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясындағы алкоголь өнімдерін сату саласындағы жұмыс жүйелі түрде жалғасып келеді, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да бұрын істі болған 8 адамның жазғы лагерьге жұмысқа тұрғысы келгенін жазған едік.