БҚО-да бұрын істі болған 8 адам жазғы лагерьге жұмысқа тұрғысы келген

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында білім басқармасының мәліметіне сәйкес түрлі бағыттағы 532 балалар демалыс және сауықтыру орталығы жұмыс істейді. Соның ішінде 16-сы қала сыртындағы, 509-ы мектеп жанындағы, сондай-ақ жетеуі шатырлы лагерь.

Полиция Астанадағы «қару арсеналы» туралы қауесетті жоққа шығарды
Фото: ҚР ІІМ

БҚО полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Олжас Ибрайымовтың мәлім еткеніндей, білім басқармасы ұсынған тізімдер негізінде лагерь қызметкерлері соттылығының болуы, әкімшілік құқықбұзушылықтарға тартылуы, сондай-ақ наркологиялық және психиатриялық есепте тұруы бойынша тексерілді.

Оның сөзіне қарағанда, лагерьде жұмысқа тұрғысы келген 8 адамның бұрын қылмыстық, тағы бесеуінің әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Осыған байланысты ақпарат тиісті шаралар қабылдау үшін білім басқармасына жолданды.

- Жазғы демалыс кезеңінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мен демалысын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылып отыр. Полиция департаментімен кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу жұмыстары күшейтілді. Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шаралар қабылданатын болады, - деді О.Ибрайымов.

Департамент мәліметіне сәйкес биылғы бес айда облыста жасөспірімдер жасаған қылмыстар саны өткен жылғы 39-дан 32-ге төмендеп, 17,9 пайызға азайды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар саны 5,8 пайызға (86-дан 81-ге) кеміді.

Биылғы 19-25 мамыр аралығында 86 мектеп автобусы тексеріліп, соның үшеуі (Орал қаласы, Казталов және Сырым ауданы) техникалық талаптарға сай келмейтіні белгілі болды. Аталған көлік құралдарының ақауларын жою туралы нұсқамалар берілді. Кемшіліктер жойылғаннан кейін олар қайта тексерілетін болады.

- Сол секілді жасөспірімдердің түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе заңды өкілдерінің қарауынсыз тұрғынжайдан тыс жерде болу деректерін анықтау мақсатында 25 мамыр мен 1 маусым аралығында облыс аумағында «Демалыс» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Іс-шара барысында 394 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде 335-і немесе 85 пайызы кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің қарауынсыз түнгі уақытта жүруімен байланысты. Бұл заңды өкілдердің балаларды бақылауының жеткіліксіз екенін көрсетеді, - деп қосты О.Ибрайымов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда полиция қызметкері қыз зорлады деген күдікке ілінгенін жазған едік.