Қазақстанның бірнеше өңірінде екінші ауысым онлайн форматқа ауыстырылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірқатар аймақтарында қатты аяз салдарынан мектептердің оқу кестесіне өзгеріс енгізілді. Қауіпсіздік мақсатында түстен кейінгі ауысымдағы сабақтар уақытша қашықтан оқытуға көшірілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Павлодар облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты барлық мектептің екінші ауысымдағы оқушылары үйден оқуға жіберілді. Сол сияқты Солтүстік Қазақстан облысында да мектептердің басым бөлігі онлайн форматқа көшті. Бұл өңірде 73 461 оқушының 72 433-і қазір қашықтан білім алып жатыр. Тек интернат типіндегі мекемелерде ғана сабақтар офлайн форматта өтеді.
Ақтөбе облысында 1-11 сынып аралығындағы барлық оқушы уақытша онлайн оқуға ауыстырылды. Ал Атырау қаласында 71 мектеп қашықтан оқыту режиміне көшкен. Бұл ретте балабақшалар әдеттегі тәртіпте жұмысын жалғастырып отыр.
Семей қаласында да қатты аязға байланысты екінші ауысымдағы 1-9 сынып оқушылары онлайн форматта оқып жатыр.
Қостанай облысының Қарабалық ауданында ауа температурасы -29 градусқа дейін төмендеп, жел күшейген соң екінші ауысымдағы барлық мектеп оқушылары мен колледж студенттері қашықтан оқуға жіберілді. Осындай шешім Ұзынкөл ауданында да қабылданды. Бейімбет Майлин ауданында -31 градус суықтың салдарынан екінші ауысымдағы сабақтар толықтай тоқтатылып, оқушылар үйден білім алып жатыр. Алтынсарин ауданында да мектептер онлайн форматқа көшті.
Лисаковск қаласында -27 градус аяз кезінде екінші ауысымдағы 2-7 сынып оқушылары қашықтан оқып жатыр. Федоров ауданында 2-6 сынып оқушылары онлайн форматқа ауысса, Жангелдин ауданында 0-4 сыныптағы екінші ауысым оқушылары қашықтан білім алуға көшірілді.
Өңірлік білім басқармаларының хабарлауынша, барлық шешімдер нақты ауа райы жағдайына қарай жедел қабылданған. Аяз бәсеңдеген соң мектептер қалыпты оқытуға қайта оралмақ.
Еске сала кетейік, ШҚО ТЖД мамандары аязға байланысты азаматтарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.