Қазақстанның ДСҰ-дағы мүшелігі: 11 жылда не өзгерді
АСТАНА. KAZINFORM – Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болған 11 жыл ішінде Қазақстан сыртқы сауда көлемін екі есеге арттырды. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлім етті.
— ДСҰ-ға мүше болған 11 жыл ішінде тауар айналымды екі есеге арттырдық. Бүгінде саудамыздың 98%-ы ДСҰ-ға мүше елдермен жүзеге асып жатқанын атап өткен жөн. Бұл көлем жаһандық сауда архитектурасының маңызды элементі болып қала береді, – деді А. Шаққалиев Құрылтайда тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, Қазақстанның ДСҰ-ға қосылуы экспорттық мүдде аясында нарықтарға шығудың айқын әрі тең мүмкіндігін беретін ережені қамтамасыз етті.
- Бұл тұрғыда Қытай, Еуропа одағы және АҚШ-ты атап өтсек болады. Олардың барлығы ДСҰ-ға мүше елдер санатында, – деді министр.
Айта кетейік, бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында «1994 жылғы ДСҰ-ны құру туралы Марракеш келісіміне Қазақстанның қосылуы туралы хаттамаға қосымша саналатын Көрсетілетін қызметтер бойынша Қазақстанның ерекше міндеттемелерінің тізбесіне өзгерістерді ратификациялау туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.