Қазақстанның ең әдемі боксшысы «Қайрат» – «Реал» матчының есебін болжады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық боксшы Балауса Муздиман Чемпиондар лигасы аясындағы «Қайрат» пен «Реал» арасындағы матчқа қатысты өз болжамын жариялады.
Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбада спортшы матч нәтижесін сенімді түрде атады.
— «Қайрат» «Реалды» 5:0 есебімен жеңеді. Өйткені үлкен сенім мен қолдау бар. «Қайрат» еш қиындықсыз жеңеді деп ойлаймын. Бұған сенімдімін, есте сақтаңыздар. Қалай десек те, «Аргентина» - «Ямайка» — 5:0, «Қайрат» та «Реалды» 5:0 есебімен ұтады, - деді қазақстандық боксшы Instagram парақшасында.
Айта кетейік, Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің екінші турындағы «Қайрат» - «Реал» матчы 30 қыркүйек күні Алматыда өтеді.
Бұл кездесуде сөзсіз фаворит испандық клуб саналады.