Қазақстанның халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылұлының 150 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде аталып өтіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылұлының 150 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде аталып өтіледі. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжа Бектеновтің жауабында айтылған.
— 2026-2028 жылдарға арналған республикалық деңгейде аталып өтілетін мерейтойлар мен атаулы күндер жоспары аясында Сәттіғұл Жанғабылұлының 150 жылдық мерейтойын атап өту көзделіп отыр. Сонымен қатар Сәттіғұл Жанғабылұлының 150 жылдық мерейтойын 2026 жылғы жалпы республикалық мерейтойлар тізбесіне енгізу және оны дайындау мен өткізу бойынша арнайы іс-шаралар жоспарын Маңғыстау облысының әкімдігі тарапынан әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Іс-шараға қаражат қарастыру маслихаттың кезекті отырысына жоспарланған, — деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр дерегінше, іс-шара жоспарына Ақтау қаласында «Жыр-ғұмыр» қалалық жыршылар байқауы және «Мұхиттан қалмыш теңіз-жыр» республикалық жыршылар конкурсы, «Дала дауысы — жыр мұрасы» атты облыстық ғылыми конференция, Жаңаөзен қаласында оқушылар арасындағы жыр байқаулары мен жыршылар сайыстары, Бейнеу ауданында «Үш жырдың үні: Қашаған, Қалнияз, Сәттіғұл» облыстық жыршылар сайысы және «Сәттіғұлдың тоқсан толғауы» әдеби-сазды кеші және Маңғыстау, Түпқараған, Қарақия аудандарында жыр кештерін, танымдық шаралар және дәстүрлі ән-жыр байқауларын енгізу көзделген.
— Аталған іс-шаралар ақынның шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттауға, жыршылық дәстүрдің сабақтастығын сақтауға, жас өнерпаздарды қолдауға және ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталады, — деді Олжас Бектенов.
Сәттіғүл Жанғабылұлы (1876–1966) Маңғыстау облысында дүниеге келген. Атырау төңірегінің атақты ақындарын (Абыл, Қашаған, Нұрым, Қалнияз) ұстаз тұтып, өнеге алған. 1896, 1910 жылдардағы жұтта, 1916 жылғы маусым жарлығында күйзелген елдің ауыр халін, шаруаның мұңын жырлаған. 1937 жылы Алматыда өткен көркемөнерпаздар слетіне, 1939 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінің ашылу салтанатына, Қазақстан жазушыларының екінші съезіне, 1943, 1957 жылдардағы ақындар айтысына, Абайдың, Жамбылдың 100 жылдық тойларына қатысып, жыр толғаған.
1961 жылы «Қазақ КСР-інің халық ақыны» құрметті атағы берілген. Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Айта кетелік Белгілі қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың қарындасы Роза Айтматова Қырғызстан үкіметіне жазушының 2028 жылы жоспарланған 100 жылдығын тойламауды сұрап, өтініш жолдаған еді.