Қазақстанның Халық партиясы: Алда ел игілігі үшін ауқымды жұмыс тұр

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов сайлау қорытындысына қатысты үндеу жасады.

Нұрсұлтан Шоқанов
Фото: Қазақстанның Халық партиясы

— Сайлау науқаны бойы аянбай еңбек етіп, табандылық пен адалдық танытқан Қазақстанның Халық партиясының партия мүшелері, белсенділері, байқаушыларының әрқайсысына шын жүректен алғыс айтамын. Өңірлік штабтар, еріктілер, заңгерлер мен байқаушылар — сіздер орасан зор жұмыс атқарып, әр аула мен әр кәсіпорынға дейін жеттіңіздер. Осылайша партиямыздың еңбек адамдарының мүддесін қорғауға дайын, бір мақсаттағы ұйымшыл команда екенін дәлелдедіңіздер, — деді Нұрсұлтан Шоқанов.

Оның айтуынша, Қазақстанның Халық партиясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ауқымды саяси жаңғырту және Әділетті Қазақстан құру бағытындағы стратегиялық бағытын толық қолдайды. 

— Әлеуметтік әділеттілік, мүмкіндіктер теңдігі және биліктің есеп беруі қағидаттары біздің бағдарламамызбен үндеседі. Біз мемлекеттік дамудың жаңа кезеңінде Президент реформаларына сенімді әрі сындарлы тірек болуға дайынбыз. Партиялық қағидаттарға деген адалдығыңыз, жігеріңіз бен ауызбіршілігіңіз үшін рақмет! Алда елдің және әрбір қазақстандықтың игілігі үшін атқаратын ауқымды жұмыс тұр! — деп атап өтті Халық партиясының төрағасы.

Бұған дейін «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай сайлау қорытындысы бойынша сайлаушыларға үндеу жасады.

Сондай-ақ Respublica партиясы exit poll нәтижелеріне қатысты пікір білдірді.

«Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов сайлаудың ашық әрі ұйымдасқан түрде өткенін атап өтті.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рақымжанов сайлаудың алғашқы нәтижесіне пікір білдіріп, халықтың сенім мандатына ие болғандарын айтты.

Сонымен қатар «Ақ жол» партиясының төрағасы Дания Еспаева сайлау нәтижесіне қатысты мәлімдеме жасап, сайлау ашық әрі әділ өткенін алға тартты.