Қазақстанның мемлекеттік басқару саласында қанша әйел бар
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгінде Қазақстандағы мемлекеттік қызметкерлердің жартысынан астамын әйелдер құрайды. Алайда саяси және басшылық лауазымдарда олардың үлесі айтарлықтай төмен. Әйелдердің билік құрылымындағы орны туралы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Kazinform агенттігінің сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Министрлік Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі деректеріне сүйене отырып, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстандағы барлық мемлекеттік қызметшілердің 56%-ын әйелдер құрайтынын хабарлады.
Алайда басшылық қызметтегі әйелдердің үлесі едәуір төмен — 38,9%.
Соңғы жылдары бұл көрсеткіштер айтарлықтай өзгермеген: мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 55–56% деңгейінде сақталса, басшылық лауазымдарда шамамен 39% шамасында қалып отыр.
Қазіргі уақытта Қазақстанда әйел әкімдер жоқ.
Министрлік сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросы ұсынған 2024 жылғы мәліметтерді келтірді. Оған сәйкес, саяси мемлекеттік қызметшілер арасында әйелдер саны ерлерге қарағанда әлдеқайда аз — 59 әйел және 692 ер адам.
Саяси мемлекеттік қызметшілер қатарына:
• Президент тағайындайтын лауазымдар және олардың орынбасарлары;
• Парламент палаталары мен олардың төрағалары тағайындайтын немесе сайлайтын тұлғалар;
• Конституцияға сәйкес Президент пен Үкіметтің өкілдері;
• орталық атқарушы органдар мен ведомстволардың басшылары және олардың орынбасарлары жатады.
Ал әкімшілік мемлекеттік қызметшілер арасында жағдай өзгеше: мұнда әйелдер саны ерлерден көп. Әйелдер — 47 099 адам, ал ерлер — 36 632 адам.
Әкімшілік мемлекеттік қызметшілер — саяси мемлекеттік қызметшілер құрамына кірмейтін және мемлекеттік органдарда өз қызметтік міндеттерін тұрақты кәсіби негізде атқаратын қызметкерлер.
Қазіргі таңда Үкімет құрамында үш әйел-министр бар, ал ер министрлер саны — 21.
Парламентте де гендерлік теңсіздік байқалады. 2026 жылғы наурыздағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі құрамында 17 әйел депутат және 80 ер депутат бар. Ал Мәжіліс аппаратында әйелдер басым — 57%, ерлер — 43%.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты құрамында әйел депутаттардың үлесі сәл жоғары — 49 сенатордың 10-ы немесе 20,4%-ы әйелдер. Сенат аппаратында әйелдердің үлесі — 42,9%, ерлер — 57,1%.
Еске сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы Жарлығымен өңірлер әкімдерінің гендерлік мәселелер жөніндегі кеңесшілері институты құрылған. Бұл кеңесшілер азаматтық сектор өкілдері болып табылады және олардың негізгі міндеті — өңірлерде гендерлік теңдік саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын бақылау және қолдау.
Осыған дейін елімізде ғылыми дәрежесі бар азаматтардың үлесі туралы жазған едік.