Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанның саяси мәдениеті тікелей эфирге шықты – сарапшы Jibek Joly телеарнасындағы дебаттар туралы

АСТАНА. KAZINFORM – Қазіргі сайлауалды науқан бұрынғыдан да ашық әрі кәсіби сипатқа ие болды. Бұл туралы саясаттанушы әрі саяси шолушы Сырым Итқұлов Jibek Joly телеарнасындағы «Ашық студия» ток-шоуының эфирінде мәлімдеді.

Политическая культура Казахстана выходит в прямой эфир — эксперт о дебатах на телеканале Jibek Joly
Фото: Kazinform

«Заң мен тәртіп – Әділетті Қазақстанның негізі» тақырыбында өткен теледебатты бағалаған Сырым Итқұлов, ең алдымен, саяси коммуникацияның қаншалықты өзгергеніне назар аударды. Партиялар белсендірек бола түсті, олардың сөздері де әсерлі шықты, ал сайлаушылармен диалог енді алдын ала жазылып, мұқият монтаждалған үзінділерден құралмайды.

Политическая культура Казахстана выходит в прямой эфир - эксперт о дебатах на телеканале Jibek Joly
Фото: Kazinform

– Бүгінде бүкіл саяси үгіт-насихат науқаны әлдеқайда сапалы, белсенді әрі кәсіби өтіп жатыр, бұрынғы науқандармен салыстырғанда кәсібилік деңгейі айтарлықтай жоғары. Бұрын мұның бәрі осыншалықты ашық түрде, тікелей эфирде өтеді деп ойламаған едік, – деді Сырым Итқұлов.

Саяси шолушы мұндай ашықтықты қазіргі науқанның маңызды жетістігі деп бағалайды. Көрермен партияның алдын ала дайындалған ұстанымын тыңдап қана қоймай, оның өкілдерінің ыңғайсыз сұрақтарға қалай жауап беретінін, сынға қалай әрекет ететінін және сәтсіз шыққан жауабын қайта жазуға мүмкіндігі жоқ жағдайда өз ұсыныстарын қалай қорғайтынын көре алады.

Сонымен бірге спикердің пікірінше, кәсіби үгіт-насихаттың артында саяси кемелдік, сарапшылық және ұсынылған шешімдер үшін жауап беруге дайындық тұруы тиіс. Партиялар бағдарламасын жай ғана таныстырып қоймай, оны халыққа түсінікті етіп жеткізе білуі қажет.

– Өз бағдарламаларың туралы қарапайым әрі түсінікті тілде айта білу керек, – деді саясаттанушы.

Оның пікірінше, дәл осы мақсатта әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін пайдалану қажет. Threads, Instagram және Reels күрделі ойды орасан зор аудиторияға жеткізуге мүмкіндік береді. Алайда дәл осы құралдар мазмұнды даңғаза ұранмен, хайппен немесе өзара қағытпамен алмастыруға итермелеуі мүмкін. Сондықтан қазіргі саясаткерлер сайлаушыларының көңілін қалдырмау үшін мұндай тәсілдерге абай болғаны жөн.

Сырым Итқұлов партиялық қызметті «қатты қабаттарды баяу бұрғылаумен» салыстырды, бұл құлшынысты, төзімділікті және нақты есепті қажет ететін ұзақ жұмыс. Әлеуметтік желілер сол қабатты бір резонансты мәлімдемемен бұзып өтуге мүмкіндік бергендей көрінуі мүмкін. Алайда жекелеген роликтің танымал болуы бағдарламаның сапасы немесе сайлаушылардың нақты сенімі туралы ештеңе білдірмейді.

Оның байқауынша, бұған дейінгі дебаттардың тәжірибесі көпшілік алдындағы тартысқа көп араласпаған, хэштегтерде сирек көрінген және өзара тіл тигізуден аулақ болған партиялардың QR-код арқылы дауыс беру кезінде көбірек қолдау алуы мүмкін екенін көрсеткен. Шулы қарсыластары әлеуметтік желілердегі назар үшін күресіп жатқанда, бұл саяси күштер өңірлердегі жұмыстарын сабырмен жалғастырған.

Ашықтықтың екінші жағы – науқанға қатысушылардың әрқайсысына бұрын-соңды болмаған деңгейде назар аударылуы. Енді бағдарламаның мазмұны ғана емес, оны қорғау кезінде айтылған әрбір сөз де маңызды.

– Бұл біздің тарихымыздағы ең үлкен ақпараттық қысым болады. Айтылған әрбір сөзге, эфирдегі әрбір минутқа жауап беруге тура келеді, – деп атап өтті Сырым Итқұлов.

Алайда мұндай қысымды ол тек тәуекелдермен ғана емес, қоғамдық бақылаудың жаңа деңгейімен де байланыстырады. Сайлаушылар берілген уәдені сақтап, сайлаудан кейін оған қайта оралып, айтылған сөзді депутаттың нақты жұмысымен салыстыра алады.

Сондықтан Итқұловтың пікірінше, қазіргі науқанның жарқындығы жүйелі жұмысқа ұласуы тиіс. Партиялардың өңірлерде өкілдіктері және диалог жүргізуге арналған толыққанды алаңдары бар.

Айта кетейік, Саяси партия өкілдерінің командалық теледебаты қалай өткенін мынау сілтеме арқылы көре аласыз.