Саяси партия өкілдерінің командалық теледебаты қалай өтті
АСТАНА. KAZINFROM – Jibek Joly телеарнасының тікелей эфирінде Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысатын жеті саяси партия өкілдерінің дебаты өтті. Қатысушылар «Заң мен тәртіп – Әділетті Қазақстанның негізі» тақырыбында сөз сөйлеп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды.
Теледебаттың басты ерекшелігі – пікірталас командалық форматта өтті, яғни әр партиядан екі спикерден қатысты. Партиялар саяси ұстанымын, сындарға қарсы уәжін командалық форматта жеткізе білді.
Жоба ең алдымен жеребе тарту рәсімінен басталды. Бір күн бұрын Jibek Joly телеарнасының тікелей эфирінде партия өкілдерінің сөз сөйлеу реті анықталған болатын. Жеребеге сәйкес партиялардың сөйлеу реті төмендегідей өрбіді:
1. «Ақ жол» партиясы (Бек-Мұхамед Жәукебаев, Ермек Әбілдин);
2. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (Лариса Ли, Нұрайнаш Камалова);
3. «Әділет» партиясы (Айжан Аймағанова, Мәди Мырзағараев);
4. Қазақстанның Халық партиясы (Жандос Бидайбеков, Ирина Смирнова);
5. «Ауыл» партиясы (Жазира Сұлтанқұлова, Ерболат Саурықов);
6. «Байтақ» партиясы (Амалбек Өміртай, Алмат Тұртаев);
7. Respublica партиясы (Олжас Құспеков, Динара Шүкіжанова).
Осылайша, 4 раундтан тұратын теледебатта партиялар осы реттілік бойынша сөз алды.
Айта кетерлігі, командалық теледебатта регламенттің сақталуы қатаң бақыланды.
Мысалы, бірінші кезеңде әр партия өкілдері өз ұстанымын ғана емес, бәсекелестерінің бағдарламасына да сыни көзқарасын білдіруге мүмкіндік алды. Ол үшін пікірсайысшыларға 2 минут 30 секундтан уақыт берілді. Партиялар бұл уақытты ұстанымдарын қазақ және орыс тілінде қатар жеткізуге жұмсады.
Екінші кезеңде көрермен мен журналистер спикерлерге сұрақ қойды. Сауалдың бәрі «Заң мен тәртіп – Әділетті Қазақстанның негізі» тақырыбымен байланыстырылған. Бұл раундта әр партия өкіліне 2 сұрақтан қойылып, 1 жарым минут уақыт берілді.
Үшінші раундта әр партия өз таңдауы бойынша өзге партияға сұрақ қойып, өзара пікірталас ұйымдастырды. Саяси партияларға жауап беруге 2 минут уақыт берілді әрі жауаптан соң сұрақ қоюшы тарапқа қарсы пікір білдіруге 30 секунд қосылды.
Соңғы «Уәде» деп аталатын кезеңде әрбір партия өкілі Құрылтайға сайланған жағдайда атқарылатын істің анық-қанығын баяндады. Белгіленген 2 минут ішінде саяси ұйымдардың алдағы жоспары, бес жылға жоспарланған міндеттер тарқатылды.
Сонымен қатар Қазақстан қоғамдық даму институты «Jibek Joly» телеарнасында өткен командалық теледебатта сауалнама жүргізген-ді. Тікелей эфирде көрерменге «Қай партия командасының сөзі өтімді?» деген сауал қойылған. Көрермендер экранның төменгі бөлігіндегі QR-код арқылы дауыс беріп, 2 сағатқа жуық аралықта 165 153 адам таңдау жасады.
Онлайн дауыс беру нәтижесі:
- «Әділет» партиясы – 60,6%;
- «Ауыл» партиясы – 15,1%;
- Respublica партиясы – 10,2%;
- ЖСДП – 3,9%;
- «Ақ жол» партиясы – 3,5%;
- Қазақстан Халық партиясы – 3,3%;
- «Байтақ» партиясы – 2,7%;
- «Ешқайсысын қолдамаймын» – 0,7%.
Ескеретін жайт, бұл сауалнама сайлауға қатысушы партияның рейтингін анықтауға арналмаған. Тек теледебатқа қатысып жатқан партия өкілінің жауабы мен белсенділігіне көрермен тарапынан берілген дербес баға ретінде.
Саяси партиялардың өкілдері осымен үшінші ірі алаңда пікірталасқа шығып отыр. Бұған дейін саяси диалог екі республикалық телеарнада ұйымдастырылған болатын.
Еске салсақ, биыл 1 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа қол қойды. Сайлау 23 тамызда өтеді.
ҚР Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай сайлауына қатысатын 7 саяси партияның барлығының партиялық тізімдерін тіркеді. 145 депутаттық мандатқа 545 кандидат үміткер болып отыр.