Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанның шикізаттық емес тауарлар экспорты 12 пайыз өсті

АСТАНА. KAZINFORM – Сауда орындарында отандық тауарларға басымдық беріледі. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлім етті.

импорт ва экспорт
Фото: Ұлттық статистика бюросы

- Азық-түлікке жатпайтын секторға тоқталсақ, бес айдың қорытындысы бойынша шикізаттық емес тауарлар экспорты 12 пайыз өсіп, 10 млрд АҚШ долларынан астам болды. Ал импорт көлемі 4,4 пайызға ғана өсті. Қазақстанның ішкі нарығы отандық өндірушілер үшін сұраныстың басты көзі болып қала береді, - деді А.Шаққалиев Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, Сауда министрлігі ішкі нарықта отандық өнімнің үлесін кеңейту жөніндегі шараларды іске асырып жатыр. Мемлекеттік қолдау шараларын ескере отырып, заңнамада отандық азық-түлік тауарлары үшін сөре кеңістігінің кемінде 50 пайызын, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар үшін кемінде 30 пайызын бөлу көзделген.

- Қосымша құқықтық өзгерістер әзірленді. Отандық өнімнің үлесі әрбір тауар санатында қамтамасыз етіледі. Бұл қазақстандық өнімнің ұсынылуын арттыруға мүмкіндік береді. Отандық тауарлар сауда орындарының ең сұранысқа ие сөрелерінде орналастырылып, «Қазақстанда жасалған» белгісімен таңбаланады. Бұл отандық тауарларға сұранысты арттырады. Оған қоса «Жаңа өндірушілер» үшін сөрелер мен «жасыл сөрелер» көзделген. Осыған ұқсас талаптар Kaspi, Halyk Market, Clever, TEEZ және тағы басқа отандық электрондық сауда алаңдарында енгізіліп жатыр. Заңмен сауда желілерінің отандық өндірушілермен жеткізу шарттарын жасасудан негізсіз бас тартуы тыйым салынды. Біз сауда желілерімен жыл сайын меморандумдар жасаймыз. Онда отандық өнімді ілгерілету жөніндегі нақты міндеттемелер қамтылған, - деді ведомство басшысы.

Айта кетейік, Қазақстанда шілде айының қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,3% төмендеді.