Қазақстанның цирк әртістері халықаралық фестивальдің жеңімпазы атанды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қазақстан өнерпаздары Жасмина Алшынбаева мен Авелина Гузей Ресейдің Саратов қаласында өткен XI Халықаралық цирк өнері фестивалінің ең жоғары марапаты — «Алтын тәждің» иегері атанды.

Қазақстанның цирк әртістері халықаралық фестивальдің жеңімпазы атанды
Фото: Алматы әкімдігі

2005 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл айтулы жарыс әлемнің түкпір-түкпірінен цирк сахнасының үздік өкілдерін жинап, цирк өнерінің дамуына әйелдердің қосқан үлесін ерекше атап өтеді. Биыл Ресейдің ең көне циркі — ағайынды Никитиндер атындағы Саратов мемлекеттік цирк аренасында АҚШ, Мексика, Қытай, Вьетнам, Испания, Қазақстан — барлығы 13 елдің өкілдері өнер көрсетті.

цирк
Фото: Алматы әкімдігі

Қазақстан атынан Қазақ мемлекеттік циркінің әртістері — Жасмина Алшынбаева мен Авелина Гузей қатысты. Олар қоюшы-режиссер Зарина Тапалованың жетекшілігімен алғаш рет «Әуе сферасы» деп аталатын «сақинада жұптаса өнер көрсету» жанры бойынша нөмір ұсынды. Әсерлі қойылым халықаралық қазылар алқасы мен көрермендерді тәнті етіп, өнерпаздар фестивальдің бас жүлдесін иеленді.

— Біз бұл нөмірді бірнеше ай бойы дайындадық, әр қимылымызды әбден ұштадық. Бұл өте жауапты сәт болды: премьера, жаңа сахна, халықаралық қазылар алқасы. Бірақ күмбез астына шыққан сәтте қобалжу сезімі шабытқа ауысты. Бұл біздің жұлдызды сәтіміз болды, — деді Жасмина Алшынбаева.

Еске салайық, бұған дейін Алматы циркінің әртістері Гиннес рекордтар кітабына енгенін жазғанбыз.
https://kaz.inform.kz/news/almati-tsirknn-artster-ginnes-rekordtar-ktabina-end-f38611/

Соңғы жаңалықтар