Қазақстанның туристік орындарына 15 қосымша пойыз қатынайды
АСТАНА. KAZINFORM – Сұраныстың артуына байланысты елдегі туристік бағыттарға қосымша 15 пойыз жүре бастайды. Бұл туралы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкімет отырысында айтты.
Оның ішінде 10 бағыт Алакөл жағалауына жүреді.
Қосымша пойыздар Астана – Достық, Алматы – Достық, Семей – Достық, Өскемен – Достық, Қарағанды – Балқаш, Алматы – Семей, Ақтөбе – Астана және Нұрлы жол – Шымкент бағыттарында іске қосылмақ.
– Сонымен бірге пойыздардың ұзындығы ұлғайтылды. Пойыздар құрамының ұзындығы орташа алғанда 13-тен 18 вагонға дейін ұзарады, – деді Көлік министрі.
Айта кетейік, Қазақстанның туристік орындарына апаратын жолдар жөндеуден өтіп жатыр. Биыл Алматы-Өскемен жолындағы жұмыстар аяқталып, жол жүру уақыты 4 сағатқа қысқарған.
Оған қоса, Қазақстанның 124 вокзалы жаңғыртудан өтіп, жаңадан салынып жатыр. Қазір Көкшетау, Бурабай курорты, Қонаев, Көктума, Ақши, Манкент, және Балқаш-2 вокзалдарында жұмыстар аяқталды.