Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Ерлан Ыдырысов «Қазақ ауылы» қозғалысының белсенділерімен кездесті
ВАШИНГТОН. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат - Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Ерлан Ыдырысов Род-Айленд штатына жасаған сапары барысында АҚШ-тағы қазақ диаспорасының өкілдері мен Қазақстаннан бала асырап алған отбасылар құрған «Қазақ ауылы» қозғалысының белсенділерімен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Елшіліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Бұл игі бастамаға ұйытқы болып отырған қозғалыс белсенділері АҚШ-та қазақтың мәдениетін, тарихы мен салт-дәстүрін жұртшылыққа кеңінен таныстыруды мақсат етіп отыр. Әсіресе Қазақстаннан асырап алынған балаларды ұлттық дәстүрлер негізінде тәрбиелеуге басымдық танытылады. Асырап алушы ата-аналар да балаларды өз ұлтына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу арқылы ғана толыққанды мәдени дамытуға болатынын сезініп отыр. Жыл сайын «Қазақ ауылы» Қазақстаннан асырап алынған балалардың ғана емес, американдық балалардың да ықыласын аударып отырған «Жайлау» жазғы лагерін ұйымдастырады. Қазақстан Елшілігі бұл ұйыммен 2007 жылы байланыс орнатқан болатын, содан бері бірнеше бірлескен мәдени шаралар өткізілді. Род-Айлендке жасаған сапары барысында Елші Ерлан Ыдырысов қозғалыстың ұйымдастырушыларына тиісті оқулықтар мен қажетті материалдарды тарту етті.