Қазақстанның әуе кеңістігіне қатысты егемендігі нақтыланады

Аталған заң жобасы Халықаралық азаматтық авиация ұйымы стандарттарының соңғы өзгерістерін ескере отырып, әуе кеңістігін пайдалану, сонымен қатар, ұлттық заңнамадағы коллизияларды жою мақсатында әзірленген. Бұл ретте әуе кеңістігін пайдалану мен авиация қызметі аясында мемлекеттік реттеудің, бақылау мен қадағалау тетігі жасалмақ. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының әуе кеңістігіне қатысты егемендігі нақты айқындалып, әуе кемелерінің халықаралық ұшуы және ішкі авиамаршруттарда ұшу кезінде әуе кеңістігін пайдалануды ұйымдастырудың пәрменді тетігі қалыптасады. Экологиялық және ұлттық қауіпсіздік мәселелері проблемаларын шешуді ескере отырып, әуе кеңістігін пайдалану саласындағы ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жауапкершілік институтын бекітуді көздейді. «Тұтастай алғанда, заң жобасымен ұшу қауіпсіздіктерінің деңгейін арттырып, авиациялық қызметтің жаңа түрлерін енгізу көзделеді. Құжат бойынша 7 заңнамалық актіге, 3 кодекс пен 4 заңға 286 өзгерістер енгізу қарастырылып отыр. Өзгерістер техникалық нақтылау сипатында болып табылады әрі жағымсыз әлеуметтік салдарға соқтырмайды», - деді Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау.
Оның айтуынша, экономикалық, саяси, қоғамдық қатынастардың қазіргі заманғы жаһандану процесстері азаматтық авиация қызметін тиісті құқықтық реттеу және ұлттық заңнаманы азаматтық авиация саласын халықаралық стандарттармен одан әрі одан әрі үйлестіру қажеттілігін тудырып отыр. Сондықтан да, заң жобасында мемлекеттің халықаралық-құқықтық міндеттемелерінен туындайтын барлық маңызды элементтер, халықаралық тәжірибе, ИКАО стандарттары және Ұшулардың Қауіпсіздігін Тексерудің Әмбебап Қадағалау Бағдарламасына қатысты мәселелер қамтылатын болады.