Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдері елеулі табиғи ресурстарға айналуға қауқарлы - Куртис Мастерс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның азық-түлік өнімдері мен астық экспортында перспективалары үлкен. Бұл туралы бүгін Астанада ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің ХХVIII пленарлық отырысының алдында тілшілерге берген сұхбатында «Бейкер және Макензи - Си-Ай-Эс, Лимитед» филиалының директоры Куртис Мастерс мәлім етті.

Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдері елеулі табиғи ресурстарға айналуға қауқарлы - Куртис Мастерс

«Бүгінгі отырыстың тақырыбы Қазақстандағы ауыл шаруашылығын дамытуға арналған. Атап айтқанда бұл салада Қазақстанның шексіз әлеуеті бар. Бүгін елдің ауыл шаруашылығын дамытудың мүмкіндіктеріне айрықша мән беріледі, себебі Қазақстанның азық-түлік өнімдері мен астық экспортында перспективалары үлкен. Дәстүрлі түрде Қазақстан ауқымды мұнай-газ, металл және басқа да ресурстары бар ел ретінде қарастырылуда. Менің ойымша, елдеріңіздің ауыл шаруашылығы өнімдері де елеулі табиғи ресурстарға айналуға қауқарлы екенін атап өткім келеді»,-деді К. Мастерс.

Оның сөзіне қарағанда, отырыс барысында жерді тиімді пайдалану тұрғысында ауыл шаруашылығында жоғары технологияларды іске қосу бағытында ұсыныстар жасалатын болады.

«Осы форумды өткізу өте жақсы идея деп білемін. Ең маңыздысы, осы шара аясында Президент пен Үкімет мүшелері тікелей шетелдік инвесторлардың пікірін тыңдауға мүмкіндік беріледі»,-деді К. Мастерс.