20:16, 28 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қазақстанның Австриядағы Елшісі осы елдің Экономикалық палатасының президентімен кездесті
БРЮССЕЛЬ-ВЕНА. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Ержан Оспанов/ – Кеше Венада Қазақстанның Австриядағы Елшісі Ержан Қазыханов осы елдің Экономикалық палатасының президенті Христоф Ляйтлмен кездесті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат Венадағы ҚР Елшілігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Әңгімелесу барысында қазақстандық дипломат Экономикалық палатаның президентін Қазақстанның экономикасына әлемдік қаржы дағдарысының тигізетін салдарларын барынша азайту бойынша ҚР Үкіметі бекіткен іс-шаралардың іске асырылу барысымен таныстырды.Австрия Экономикалық палатасы президентінің айтуынша, Орталық Азиядағы Қазақстанның көшбасшылық ұстанымын ескере отырып, австриялық іскер орта тек энергетика саласында ғана емес, біздің елімізбен ынтымақтастық орнатуға мүдделілік танытып отыр. Сонымен қатар, олар мәшине жасау, металлургия, әуе және теміржол көліктері, фармацевтика, құрылыс материалдарын өндіру, ауыл шаруашылығы, туризм, сондай-ақ банк ісі салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға қызығушылық білдіруде.Осыған байланысты Х.Ляйтл олар басқаратын мекемелердің желісі бойынша Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты жандандыру бойынша іс-шаралар туралы хабардар етті. Атап айтқанда ол 2009 жылы Австрияның Қазақстандағы Елшілігі жанынан Австрия Экономикалық палатасын ашу ниеті туралы мәлімдеді. Сұхбаттасушы сондай-ақ ағымдағы жылы Австрияда Қазақстан экономикасының күндері өтетінін хабарлады. Сонымен қатар, 2009 жылғы қарашада австриялық іскер ортаның мәртебелі делегациясы елімізге сапармен келеді. Кездесу соңында тараптар қазақстан-австрия өзара тиімді ынтымақтастығын одан әрі дамыту мақсатында Қазақстан Елшілігі мен Австрия Экономикалық палатасының арасындағы байланыстарды нығайту қажеттілігін атап өтті.