Қазақстанның Бас муфтиі Малайзияда өткен мұсылмандардың білім алуы жөніндегі 7-ші Дүниежүзілік конференцияға қатысты

деп хабарлайды ҚазАқпарат Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Селангор Халықаралық Ислам Университеті, Кембридж Ислам Академиясы және Малайзияның Ұлттық Ғалымдар Ассоциациясы ұйымдастырған жиынға 12 мемлекеттің мұсылман ұйымдарының өкілдері және бірнеше халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Селангор штатының Бас министрі Тан Сри Дато Сери Абдул Хамид бин Ибрагим конференцияны ашып, осы іс-шараның басты мақсаты қазіргі таңдағы жаһанданудың мұсылман әлемінің білім алу саласына тигізетін әсері мен үрдістері туралы пікір алмасу екендігін хабарлап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Қазақстан делегация басшысы «Жаһанданудың мұсылман әлемінің білім алу саласына тигізетін әсерлерін қолға алудағы Үкіметтің рөлі» атты тақырыпта сөз сөйлеп, қатысушыларға Қазақстанның аталған саладағы жүргізіп отырған саясаты туралы баяндады.
Дүниежүзілік конференцияның жабылу салтанатында Ә. Дербісәлі Селангор штатының Үкіметі және Селангор Халықаралық Университет Коледжі бірігіп құрған Ислам білімі бойынша халықаралық Академияның халықаралық кеңесшілер тобының мүшесі болып, 2010 жылдың қаңтарынан 2012 жылдың желтоқсанына дейін екі жылғы аралыққа ресми түрде тағайындалды және осы жөнінде арнайы күәлік табыс етілді.
Сапар барысында, сондай-ақ қазақстандық делегация Малайзия Парламенті Сенатының Президенті Дато Вонг Фун Менгпен кездесті. Кездесу барысында Сенат Президенті малайзияның ұлтаралық және дінаралық қатынастары саласындағы тәжірибесін хабарлап, осы елдің қазіргі таңдағы саяси және экономикалық ахуалы жөнінде қысқаша тоқталып кетті. Өз кезегінде делегация басшысы Ә. Дербісәлі Қазақстанның ұлтаралық және дінаралық қатынастарының өзгешеліктері жөнінде әңгіме өрбітіп, мемлекеттер арасындағы екі жақты қарым-қатынастары күрделі түрде дамып келе жатқанына ризашылығын білдірді. Сонымен бірге, Селангор Халықаралық Ислам Коледж Университетінің ғимаратында Қазақстан делегациясына арналған арнайы салтанатты іс-шара өткізілді. Онда Университеттің ректоры Әбдісаттар Дербісәліге «ислам ой-пікірі және ислам өркениеті» бойынша құрметті доктор дәрежесін үлкен мәртебемен тапсырды.