11:05, 06 Наурыз 2009 | GMT +5
Қазақстанның бас раввині Вашингтонға сапар жасады
АСТАНА. Наурыздың 6-сы. ҚазАқпарат – Қазақстанның Бас раввині Ешая Коген наурыздың 2-4-інде Вашингтонға сапар жасады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігіне сілтеме жасап. Қазақстандағы еврей қоғамдастығының рухани жетекшісі бұл сапарының барысында АҚШ-тың ресми өкілдерімен, еврей және құқық қорғаушы қоғамдастықтарымен, дінбасшылармен, сарапшылар мен американдық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесулер өткізді. Бас раввиннің сапарының негізгі мақсаты - американдық серіктестеріне Қазақстандағы дін бостандығымен, Қазақстан мен АҚШ-тың арасындағы діни диалогты нығайтумен, сондай-ақ Джексон-Вэник түзетулерін алып тастау мәселесін ілгерілетумен байланысты жағдайды түсіндіруге негізделді. Бас раввиннің Вашингтонға сапары аясында Қазақстан Елшілігі Қазақстан, Израиль, Ресей және Польша елдері бірлесіп түсірген «Сталинге сыйлық» фильмінің көрсетілімін ұйымдастырды. Фильм сталиндік қуғын-сүргін кезінде Қазақстанды паналап аман қалған Саша есімді еврей баласының тағдырын баяндайды. Америка көрермендерінің пікірінше, фильм ұлттық мәселеден жоғары тұрған туынды және оның гуманистік маңызы зор.