08:39, 23 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қазақстанның Беларустағы Елшісі Минскімен танысуды М.Әуезов атындағы көшеде орналасқан мектептен бастады
МИНСК. Қаңтардың 23-і. ҚазАқпарат - Қазақстанның Беларус Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі А.Смирнов Беларус елордасымен танысуды Минскідегі №143 орта мектептен бастады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат Елшіліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Бұл мектеп қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтың атындағы көшеде орналасқан. Елші мектеп ұжымымен, Минскінің Заводской ауданының басшылығымен кездесті және Елшілік пен мектеп дирекциясы бірлесіп жариялаған Қазақстан елордасы Астанаға арналған конкурс жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты. «Реферат», «Мультимедиялық таныстырылым» (жоғары сынып оқушыларының арасында) және «Сурет» (төменгі сынып оқушылары арасында) аталымдары бойынша өткен конкурсқа 64 оқушы қатысқан. 1-4-ші сынып оқушылары қатысқан «Сурет» аталымында ең көп жұмыстар дайындалған. Конкурстық комиссияның қарауына Астананың келбеті бейнеленген суреттер ұсынылды. Жұмыстар әртүрлі және өте қызықты шыққан. Қазылар алқасының мүшелері «Реферат» және «Мультимедиялық таныстырылым» аталымдарында жоғары сынып оқушылары ұсынған жұмыстардың деңгейі мен сапасын ерекше атап көрсетті. Балалар өз жұмыстарында Қазақстанның тарихын, мәдениеті мен әдет-ғұрыптарын жақсы білетіндерін көрсеткен. Конкурс жеңімпаздарын марапаттаған А.Смирнов осындай конкурстарды өткізудің пайдасы мен маңызын атап көрсетті. Себебі осындай шаралардың арқасында оқушылар қазақ жері, елі, оның ежелгі тарихы, халықтың мәдени мұралары және ең бастысы - өз қатарларының өмірлері туралы көбірек білетін болады, деді Елші өз сөзінде.Заводской ауданының басшылығы мен мектеп дирекциясымен болған әңгіме барысында дипломат тұрақты қарым-қатынас орнатуды және екі ел оқушыларының өзара сапарларын ұйымдастыруды ұсынды. 2005 жылы аталмыш мектептің алдында Ұлы Отан соғысы жылдары беларус жерінде қаза болған қазақстандық жауынгерлерге ескерткіш орнатылған. Ал ағымдағы жылы мектеп ғимаратына Мұхтар Әуезовтың барельефі орнатылғалы отыр. Сол күні қазақстандық дипломат «Хатынь» мемориальдық кешенінде болып, Мәңгілік алауға гүл шоғын қойды және Құрметті келушілер кітабына қолжазба қалдырды.