Қазақстанның болашағы қазақ тіліне, мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне негізделуі тиіс - Ресей халықтары Ассамблеясының төрағасы Р. Әбдуләтіпов
sp;АСТАНА. Қарашаның 21-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Қазіргі кезде Қазақстан халқы Ассамблеясы әзірлеген Ел бірлігі доктринасының жобасы халық арасында қызу талқылануда. Қазақстандықтардың өзара ынтымағы мен бірлігін қамтамасыз етудің жолдары кіретін аталған құжаттың негізгі мақсаттарының бірі - мемлекеттік тілді Қазақстан халқын ұйыстырушы фактор ретінде дамыту.
Әрине, осы орайда қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарына жүктелетін міндет пен сенім зор.
Оған қоса, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед атап көрсеткендей, алдағы уақытта мемлекеттік тілді дамытудың басты міндеті қазақ тілін осы заманғы ақпарат тіліне айналдыру болмақ.
Қазанның 19-ы күні Астанада «Ұлтаралық төзімділікті нығайту жолындағы БАҚ-тың рөлі» тақырыбындағы халықаралық ғылыми семинардың жұмысы аяқталды. Қоғамдық әрі мемлекеттік маңызы бар осы алқалы жиынға белгілі журналистер мен ғалымдар қатысып, бүгінгі этносаралық келісімнің ақпараттық кеңістігін дамыту және сақтау мәселелерін талқылады. Семинар жұмысына Ресей Федерациясы халықтары Ассамблеясының төрағасы Рамазан Қажымұратұлы Әбдуләтіпов арнайы қатысып, ұлтаралық татулықты дамыту саласындағы өзінің салмақты әрі бағалы кеңестерімен бөлісті. Мәжіліс кезіндегі тығыз жұмыс кестесіне қарамастан, Рамазан Қажымұратұлы өз уақытын бөліп, ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген болатын.
- Қазақстанға қош келдіңіз, Рамазан Қажымұратұлы! Сыртқары елдердің біразында Қазақстанның ұлтаралық келісім және дінаралық тұрақтылықты сақтау тәжірибесі жоғары бағаланып жүргені мәлім. Енді Қазақстан халқы Ассамблеясы халықтың талқысына Ел бірлігі доктринасының жобасын ұсынып отыр. Қазірдің өзінде оған қатысты нақты ұсыныстар мен кеңестер түсуде. Осы құжаттың тиімділігін арттыру мақсатында Сіз қандай ұсыныс айтар едіңіз?
- Рахмет. Меніңше, Қазақстан өзінің даму жолында сан алуан әлеуметтік-экономикалық кезеңдерді бастан өткеріп, қазіргі кезде аса жауапты іс-шаралардың бірі - ұлттық саясатты қалыптастыруды қолға алып отыр. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы әзірлеген Ел бірлігі доктринасының маңызы зор. Себебі онда ұлттық саясатқа қатысты нақты ұсыныстар мен кеңестер ескерілген. Бірақ бірқатар мәселелер бойынша бұл құжатты әлі де дамыта түсу қажет. Ең бастысы, осы Ел бірлігі доктринасын іске асырудың нақты бағдарламасы әзірленуі тиіс. Себебі кез келген бастама декларация күйінде қалмауы керек. Оны іске қосудың жүйесі болуы шарт.
- Ұлтаралық келісімді дамыту саласындағы Қазақстан мен Ресейдің тәжірибесін салыстырып көрсек...
- Бұл саладағы екі елдің тәжірибесі сонау кеңестік заманда қалыптасты десек қателеспеспіз. Негізі, екі елде де ұлтаралық келісім қағидаттары ұқсас болып келеді. Біз ел ішінде ғана емес, мемлекетаралық деңгейде де бір-бірімізбен түсінісуге ұмтылып тұрамыз. Себебі біз - бір философияның, бір кеңестік мәдениеттің азаматтарымыз. Мен білем, қазіргі кезде осы пікірмен келіспейтін адамдар бар. Олардың көбісі - жастар. Бірақ бұл түсінікті жоққа шығару арқылы біз сол философияға, сол кеңестік мәдениетке өз үлесін қосқан ата-аналарымыздың өткен өмірін сызып тастағандай боламыз. Оларсыз бүгінгі жастар да болмас еді. Ойлап көрейікші, ертең олардың ұрпақтары да осындай теріс түсінікке тап болуы әбден мүмкін ғой. Сондықтан бүгінгі таңда біз бар күш-жігерімізді салып, өзге ұлттардың құқықтары мен бостандықтарына тосқауыл болмай, хал-қадірінше халқымыздың мүддесіне еңбек етуге тиіспіз. Бұл - аса маңызды мәселе. Әрине, ел ішінде ұлттық ерекшеліктер бойынша бөліну ылғи болып тұрады. Сол себепті бүгінгі жас ұрпақ барынша төзімді болып, басталған ізгілікті істі жалғастыруы тиіс.
Шыны керек, біз Ресей халықтары Ассамблеясын Қазақстан халқы Ассамблеясының құжаттары мен мол тәжірибесі негізінде құрған болатынбыз. Себебі, Қазақстан халқы Ассамблеясы бізден үш жыл бұрын құрылған еді. Біз одан көп нәрсеге үйрендік, бірақ әлі күнге дейін Қазақстанның деңгейіне жете алмай келеміз.
- Осы бағыттағы ресейліктердің жұмысы қалай атқарылып жатыр?
- Ресейдегі ұлтаралық келіcім мәселесі үлкен проблемалармен шешілуде. Себебі бұл мемлекетте аса көп халықтар мен мәдениеттер топтасқан. Бүгінде біз бір ұлтты - «алыпсатар», екінші ұлтты - «маскүнем», үшінші бір ұлтты - «алаяқ» деп атап жүрміз. Бұл - дұрыс емес. Әрбір халықтың өзіндік ерекшеліктері мен төлтума мәдениеті болады. Сондықтан оның жақсылығын жасырып, жаманын асырып айтуға болмайды. Керісінше, ол халықтың артықшылығына үңіліп, осының үдесінен екіжақты үндестікті іздеу қажет.
Осы уақытқа дейін Ресейдегі ұлтаралық келісімді сақтау жолында жауапсыз азаматтар көп болды. Тарихтың өзі көрсетіп отырғандай, өкінішке қарай, осы жолда біржақты ойды ұстанатын фанаттар жиі кездеседі. Олар өз халқын ұлттық идеяға қарай бағыттап, ұлтаралық келісім кеңістігінен аластатуға тырысады. Одан сақ болу қажет. Фашизмді алайықшы, оның кесірі неміс халқының өзіне тиіп, ақырында мемлекеттің екіге бөлініп кеткенін бәріміз жақсы білеміз. Гитлерге қанша қошемет-құрмет көрсетілсе де, соңында оның тарихи тұлғасы жағымсыз сипатқа ие болды. Сондықтан ұлттық мінберден асыра сілтеген адам өз халқына қауіп төндіретіні хақ.
Қазіргі кезде Ресейде Орынбор және Том облыстарында, Удмуртия, Татарстан және Башқұртстан республикаларында, сондай-ақ Мәскеу қаласында ұлтаралық келісімді сақтау бағытындағы жұмыс ойдағыдай атқарылып келеді. Біз отбасымызды жақсарту үшін күн сайын қалай еңбектенсек, мемлекет сияқты үлкен отбасымыз үшін күні-түні солай аянбай еңбек етуге міндеттіміз. Жылына бір рет қандай да бір іс-шара өткізіп, одан кейін қол қусырып отыруға хақымыз жоқ біздің.
- Сіздің ойыңызша, Қазақстанның ұлтаралық келісімінің негізі неде?
- Меніңше, Қазақстандағы ұлтаралық келісімнің негізі - еуразияшылдық идея. Мен ол туралы талай рет айтқам, бұл идея бүкіл бұрынғы кеңестік кеңістікті біріктіретін идея бола алады. Ол бастаманың негізін салушы, белгілі ғалым, ойшыл Лев Гумилевтің бейбітшілік пен ынтымаққа толы идеясы Қазақстанда қолдау тауып, бүгінде ол ғаламдық ауқымдағы еуразияшылдық идеясына ұласып отыр. Сондықтан Гумилев идеясы арқылы барша қазақстандықтардың әл-ауқатын өсіру жолындағы Қазақстанның барлық іс-шаралары - құптарлық іс.
Негізі, кез келген мемлекеттің төл мәдениеті мен тілін саяси ұлт жасамайды. Сондықтан Қазақстан халқының әралуандылығына қарамастан, қазақстандық ұлттың болашағы қазақ тіліне, мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне негізделуі тиіс. Бірақ өзге ұлттардың арқасында жеткен жетістіктер ұмыт қалмауы тиіс. Әсіресе, бүгінгі жаһандану жағдайында.
- Рамазан Қажымұратұлы, осы ұлтаралық келісім идеясын дамытудағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі мен қызметіне тоқталсаңыз?
- Бұрын барлық бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттік болған. Қазір бірен-саран ақпарат құрылымдары болмаса, қалғандары - жеке меншік газет-журналдар мен арна қызметтері. Осының нәтижесінде көптеген бұқаралық ақпарат құралдары ақшаға малданып, жеке тапсырыстарды орындауға кірісті. Нарықтық заманға мойынсұнған журналистердің басым бөлігі табысты қуып, ар-намыстан да аттап жатады. Мен түсінемін, олар кейде сондай әрекетке баруға мәжбүр. Содан болар, қазіргі журналистикада мәдени орта қалыптаспай келеді - журналист мамандар бүгінгі ақпараттық кеңістікте өз орындарын таба алмай, жеке бастың қамын ойлап отырады.
- Осыдан бір сауал туындап тұр. Сіздіңше, қазіргі нарықтық заманда ұлтаралық келісім сияқты аса жауапты тақырыпқа қалам тербейтін журналистердің жұмысын сапалы деңгейге шығару үшін не істеу керек?
- Мен сіздерге айтайын, мемлекет ұлтаралық келісім сияқты аса күрделі тақырыпқа жазып жүрген журналистерге қолдау жасауы міндет. Мәселен, осы саладағы бұқаралық ақпарат құралдары үшін салықтық жеңілдіктер қарастыруға болады. Жақында Ресей халықтары Ассамблеясы, Аймақтық даму министрлігі және ұлтаралық мәселелер жөніндегі журналистер гильдиясы жалпыресейлік конкурстың қорытындысын жариялап, жеңімпаздарды марапаттаған болатын. Конкурста 15-тен астам аталым бойынша арнайы сыйлықтар тапсырылды. Менің қазылар алқасының мүшесі ретінде айтарым, ұлтаралық келісім тақырыбын насихаттауға арналған бұл байқаудың тиімділігі зор. Оған менің көзім жетті. Ал, ең бастысы, журналистер басқа біреу туралы жазған кезде өздері жайында жазғандай болуы тиіс.
- Осыншама ұлтты бір шаңырақтың астында топтастыра білген Қазақстан халқына қандай тілек айтар едіңіз?
- Бүгінде басқа бұрынғы кеңестік мемлекеттермен салыстырғанда, Қазақстанда ұлтаралық келісімді орнату және осының арқасында мемлекетшілдік туын көтеру үрдісі ойдағыдай және ешбір қарым-қайшылықсыз өтуде. Мұнда да проблемалар аз емес. Ең бастысы, бар төзімділік күшін сала отырып, қазақ мәдениеті мен тілін барынша көтеру қажет. Ол жұмысты атқарған кезде, бұның бәрі барлық ұлттар мен ұлыстардың мүдделері үшін жасалып жатқандығын жан-жақты түсіндіру ләзім. Олар да жаңа қоғамдық формациядағы өздерінің орнын көрулері тиіс. Сол кезде ғана әрбір қазақстандық азамат өз елінің патриоты болмақ. Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, оның жүрегінде Қазақстан ұялайды. Ал екінші жағынан, Қазақстанның жүрегінде де әрбір ұлт өкілі өз орнын алуы тиіс.
- Әңгімеңізге рахмет! Осындай аса жауапты қызметті атқарып жүрген Сіздердің барлық бастамаларыңызға табыс тілейміз!