Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына енеріне күмән келтірмеймін - Ислам әлемі ғылымдары академиясының Бас директоры Муниф Зууби

АСТАНА. 18 қаңтар. ҚазАқпарат - Ислам әлемінің ғылымдары академиясының Бас директоры доктор Муниф Зууби Елбасы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан 2050» жолдауына пікір білдірді, деп хабарлайды Иорданиядағы ҚР Елшілігінің баспасөз қызметі.

Қазақстанның  дамыған 30 елдің қатарына енеріне күмән келтірмеймін - Ислам әлемі  ғылымдары академиясының Бас директоры  Муниф Зууби

«Елбасы 21 ғасырда ғылым, технология, экономика және саяси салалардағы өркендеу жылдам қарқынмен даму үстінде екенін, сондай-ақ 1997 жылы қабылданған «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламаның мерзімінен бұрын орындалғанын назарға алсақ, Президент Н.Назарбаевтың жаңа «Қазақстан-2050» стратегиялық жолдауы оның даналығын танытса керек.

Президент Н.Назарбаев 2050 жылға дейін нақты мақсаттарды айқындады. Бұл деген сөз, Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына енуі тиіс. Қазақстан қазіргі таңда дамыған 50 елдің қатарында екенін ескерсек, бұл мақсаттың орындалатынына күмән келтірмеймін.

Президент Н.Назарбаев стратегиялық көрегендігі бар теңдессіз көшбасшы екені даусыз. Ол елі мен өзінің мүмкіндіктерін анық біле отырып, оны өзінің әрекеттерінен байқатып жүр. Атап айтсақ, Қазақстанның аймақ көшбасшы ел екендігі осының айғағы болса керек.

Ол өз сөздерінде «алдымен - экономика, одан кейін - саясатқа» көшу керектігін қадап айтып та жүр. Президент «Мақсат - жетістіктің желкені»- деп айтқан халық даналығына сенеді. Бұл тұрғыда «Қазақстан 2050» стратегиясы құдіретті мемлекет, дамыған экономика негізінде кемелденген қоғам құруды көздейді. Осы ретте, әлемдегі барлық халықтың мақсат осыған саятынына шүбә келтірмеймін. Дегенмен, Президент Н.Назарбаев сияқты ұлы көшбасшылар ғана аталған мақсаттарды іске асыру арқылы тарихта қалмақ.

Н.Назарбаев өз баяндамаларында Таяу Шығысты бейбіт реттеу үдерісін шынайы қолдайтынын байқатып жүр. Әлем мемлекеттерінің Қазақстанға деген құрметін ескере келе, мен осы мәселені реттеуде оның қомақты рөл атқара алатынына сенімдімін.

Ол сонымен қатар, Қазақстанның барлық халықаралық бастамаларын қарқынды жалғастыру керек екеніне және ғаламдық қауіпсіздікке өз үлесін қосудың маңыздылығына назар аударады. Экономикалық және сауда дипломатиясын дамыта арқылы сыртқы саясатты модернизациялаудың қажеттілігіне мән береді. Қазақстан дипломатиясы соңғы бірнеше жылда айтарлықтай жетістіктерге жетті. ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ИЫҰ және ҰҚШҰ сияқты халықаралық ұйымдарға төрағалық етуі мұның дәлелі болса керек. Алайда, Президент Н.Назарбаевтың ядролық қарудан бас тартуы тарихқа енген оның ең маңызды саяси шешімі болғаны анық.

Генри Киссинджер айтқандай: «Әлемде мұндай ақыл-парасатқа жүгінетін елдің болуы кім-кімге де үлгі болуы тиіс. Қазақстан үлгісі - өмір сүрудің, алға үмітпен қараудың үлгісі».

«Жаңа қазақи бірлікті» құру мәселесіне қатысты бөлімде Президент «Дәстүр мен мәдениет - ұлттың генетикалық коды» деген таңырқарлық пікір білдірді. Осы контексте ол Қазақстанның мұсылман әлемінің бөлігі, бірақ мемлекет пен қоғам зайырлы деп атап көрсетеді. Жолдаудың аталған бөлігі экстремизм мен «исламның жалған ағымынан» сақтандырады. Себебі, қазақстандық қоғамнің бір бөлшегінің бөтен жалған діндердің ықпалына қарсы иммунитеті әлсіз. Өкінішке орай, бұл фактіні ислам елдерінің көптеген басшылары ескермегендіктен діни экстремизм таралуда.

Қоғамды құруда - әрбір адамның парасаты үлкен рөл атқаратыны сөзсіз. Сондықтан білім саласы жүйелі болса, қоғам да жүйелі әрі қарқынды дамиды. Осы тұрғыда Қазақстан білім саласында таңғаларлық жетістіктерге жетті. ЮНЕСКО-ның ақпаратына сәйкес, Қазақстан білім беру саласын дамытуда әлемдегі 129 елдің арасында 4-ші орын, ал, халықтың білім деңгейі бойынша 177 елдің арасында 14 орынға ие болды.

Н.Назарбаев ұсынған «Түгел қамтитын экономикалық прогматизм» жаңа экономикалық кағидатын алдағы уақытта әлемнің алдыңғы қатарлы экономистерінің зерттейтіні сөзсіз»,-деп атап өтті Муниф Зууби.

1986 негізі қаланған Ислам әлемінің ғылымдары академиясының (ИҒА) қызметі Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше 57 елді қамтиды. Академия ИЫҰ елдеріне ғылыми-техникалық мәселер бойынша кеңес беретін мемлекеттік емес, автономиялық мекеме саналады. ИҒА-ға әлемнің 35 елінен 103 ғалым мүше. ИҒА ислам әлемі мен барша адамзат үшін маңызды мәселелерді қарастыратын халықаралық конференциялар өткізеді.

Айта кететін жәйт, 2012 жылдың 21-23 мамырында Астана қаласында Қазақстанның ИЫҰ-на төрағалығы шеңберінде «Қазақстандағы және Ислам әлеміндегі ғылым мен технология: кеше, бүгін және келешек» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаев осы ислам әлемі ғалымдары Академиясының құрметті мүшесі болып табылады.