09:56, 30 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне байланысты Кеден кодексіне өзгерістер енгізілмек
АСТАНА. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Үкіметтен Мәжіліске «Қазақстан Республикасының Кеден кодексіне Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы келіп түсті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Заң жобасы кеден органдарының қызметіне халықаралық стандарттарды енгізуге, Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше мемлекеттердің заңнамасымен үйлестіруге бағытталған. Заң жобасында Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдер кеден құнын анықтау практикасына қоятын талаптарға сәйкес келтіру, Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы тауарлар мен көлік құралдарын өткізетін декларанттар ретінде қатысушы тұлғалардың тобын кеңейту, сондай-ақ «ex officio» әрекетінің қағидатын кедендік әкімшілендіру кезінде енгізу мақсатында өзгерту ұсынылады. Әзірленген заң жобасы Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне және Дүниежүзілік сауда ұйымының келісімдеріне қайшы келмейді.
Осы заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу міндеті Қаржы және бюджет комитетіне жүктеліп отыр.