Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының қорытындысына арналған конференция өтті - Вашингтон
АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстанның ЕҚЫҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Әбдірахманов 27-29 қаңтарда Вашингтонға сапар жасады.
Сапар барысында дипломат Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының «ЕҚЫҰ төрағалығын тапсыру» тақырыбына арналған конференциясына қатысты, деп хабарлады Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігінен.
Конференцияның негізгі мақсаты - Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығының қорытындысын шығару және Ұйымның келешектегі даму перспективаларын анықтау болды.
Конференцияға қатысқан Джеймстаун Қорының аға сарапшысы Владимир Сокордың айтуынша, «Қазақстанның төрағалығы ЕҚЫҰ-дағы соңғы жылдардағы ең сәтті төрағалық болды, себебі ол Ұйымның күнтәртібіндегі ең өзекті мәселелер бойынша диалог мәдениетін нығайтуға қолдау болды».
Ал Джон Хопкинс атындағы университеттің сарапшысы Марк Хатзелдің пікірінше, қазақстандық төрағалық ЕҚЫҰ-ның гуманитарлық өлшемінің ролін анағұрлым күшейтті және азаматтық қоғамды ЕҚЫҰ-ның демократияны ілгерілету жөніндегі жұмысының маңызды факторына айналдырып, үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігін арттырды. Және Астана саммитінің Ұйымның ХХІ ғасырдағы жұмысының бағыт-бағдарлары көрсетілген Декларацияны қабылдаумен аяқталған тарихи оқиға болғанын атап көрсетті.
Конференцияға қатысушылар, Қазақстанның Ұйымның жұмысына оң энергетика әкелгенін, Ванкувер мен Владивостоктың арасындағы барлық елдерге серпін және ЕҚЫҰ-ның даму келешегіне қатысты ұзақмерзімдік бағыт-бағдар бергенін бірауыздан айтты.