Қазақстанның елшісі Дулат Қуанышев Үндістан Президенті Пратибха Патил ханымға сенім грамотасын табыс етті

Ресми салтанат барысында Үндістан президенті Пратибха Патил ханым 2009 жылдың қаңтарында Үндістан Республикасы күнінде құрметті қонақ болған Елбасы Н.Назарбаевтың мемлекеттік сапары кезінде қол жеткізілген екі ел арасындағы стратегиялық байланыстардың дамуы мен нығая түсуіне өзінің зор қызығушылық танытып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, П.Патил ШЫҰ мен АӨІСШК секілді халықаралық қоғамдастықтар ауқымындағы байланыстардың дамуын да атап өте кетті.
Өз кезегінде, Д.Қуанышев үнді президентін Қазақстанның экономикалық, саяси және әлеуметтік салалардағы қол жеткізген жетістіктерімен таныстыра келіп, ЕҚЫҰ төрағалық ету кезіндегі біздің еліміздің жасап жатқан қадамдары туралы да хабардар етті.
Экономикалық байланыстар тақырыбына әңгіме қозғағанда, Үндістан Президенті Қазақстан дипмиссиясының инвестициялар тартуда бірлесе отыра белсенділік таныту қажеттілігімен келісті.
Әңгіме барысында П.Патил алда келе жатқан Астана күнін тойлауға қатысты өз қызығушылығын жасыра алмады.