Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевке «Құрметті доктор» атағы берілді
Жиынға Абзал Жұмашұлының мектептегі, студент шақтағы ұстаздары, достары, оқу орнының профессор-оқытушылары және студент-жастар қатысты. Кездесу барысында сөз алған университет ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов «Ақ күріштің - атасы» атанған Сыр өңірі - еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өркендеуінде өзіндік орны бар өлке екендігін атап өтті.
Абзал Жұмашұлы 1977-1982 жылдары сол кездегі Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтында (қазіргі Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті) білім алған. Мектеп қабырғасында өзінің үлгілі тәртібімен және үздік үлгірімімен көпке үлгі бола білген азамат студенттік шақта да осы үрдісінен танбады. Әрдайым топ бастап, замандастарының көшбасшысы бола білді. Осындай сапалы білім мен саналы тәрбиенің нәтижесінде Абзал Ералиев алғаш үй-құрылыс комбинатында прораб, құрылыс учаскесінің бастығы лауазымдық қызметтерін атқарды. 1994 жылдан бастап «Абзал және Компания» толық серіктестігінің негізін қалап, ірі шаруашылық орнына айналдырды.
«Алдымен 500 гектар жерге күріш ектік. Нәтижесі жаман болмады. Кейін бастаған істің ауқымын кеңейттік. Қазір жыл сайын 5500 гектар жерге күріш егіп, өнім жинап отырмыз. Биыл компанияға 20 жыл толып отыр. Осы аралықта көптеген табыстарға қол жеткіздік. Мұның барлығы шаруашылық қызметкерлерінің тынымсыз еңбегінің нәтижесі», - деді Еңбек Ері кездесу барысында.
Қазір Еңбек Ерінің туған жері Кеңестер Одағының батыры Н.Ілиясов атындағы ауыл «ХХІ ғасыр ауылы» атанған. Ауыл халқы заман талабына сай жарық шамдар, су бұрқақтар, тегіс жолдар, мәдени-көпшілік нысандардың игілігін көріп отыр. Сонымен бірге, биыл ауылға үлкен стадион салынбақ. Мұның барлығы ер азаматтың туған топыраққа деген құрметінің нәтижесінде жүзеге асып жатқаны сөзсіз.
Кездесу барысында жастар Еңбек Еріне деген көкейлерінде жүрген түрлі сауалдарын жолдады. Абзал Жұмашұлының отбасы жағдайы, алдағы жоспарлары, қазіргі жастарға деген көзқарасы сынды сауалдар студенттердің қызығушылығын тудырды.
Кездесу барысында Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевке университеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен «Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті Бизнес әкімшілігінің Құрметті докторы» атағы берілді.