Қазақстанның Энергетика және минералдық ресурстар министрі С. Мыңбаев Бейжіңге жұмыс сапарын жасады
деп хабарлады сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметінен.
С. Мыңбаев Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері, Ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-қытай комитетінің тең төрағасы Ван Цишанмен кездесті. Әңгіме барысында тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара іс-қимылдардың стратегиялық серіктестік деңгейіне шыққанын және әрі қарай дами бастағанын атап көрсетті.
Министр С. Мыңбаев қазақстандық делегацияның Қытайға жұмыс сапарының басты мақсаты - жоғары деңгейдегі келісімдердің жүзеге асырылуын талқылау екенін атап көрсетті. Әңгіме барысында тараптар мұнай-газ секторындағы ынтымақтастықтың динамикалық мазмұнын атап өтті. Ағымдағы жылдың қазан айында Кеңқияқ-Құмкөл учаскесінде Қазақстан-Қытай мұнай құбырының екінші кезеңінің құрылысы аяқталады деп күтілуде, бұл жоба оның жылдық қуатын қазіргі 10 миллион тоннадан 20 миллион тоннаға жеткізетін болады. Түрікменстан-Қазақстан-Қытай трансұлттық магистраль газ құбырының қазақстандық учаскесі төселуде, ол жобаның бірінші тармағын - ағымдағы жылдың қараша айында, екінші тармағын - 2010 жылдың шілде айында пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ үшінші Жаңажол газ өңдеу зауытының құрылысы да жүргізілуде.
Тараптардың айтуынша, атом энергетикасы мен энергетиканың балама көздері саласында ынтымақтастықтың мол мүмкіндігі ашылуда. Табиғи уран өндіру саласында бірлескен кәсіпорын құру, атом саласындағы ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты келісімдерді жүзеге асыру мақсатында ағымдағы жылдың қыркүйек айында Бейжіңде «ҚазАтомӨнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының өкілдігі ашылады.
С.Мыңбаев сондай-ақ Қытайдың ұлттық мұнай-газ корпорациясы (CNPC) Басқармасының төрағасы Цзян Цземинмен кездесті.