Қазақстанның ірі транзиттік ел - Еуропа-Азия көпіріне айналар сәті жақындап келе жатыр

АСТАНА. 12 қазан. ҚазАқпарат - Қазақстан өзінің географиялық жағынан тиімді орналасуы мен Кедендік одақ ашып отырған мүмкіндіктер арқылы транзиттік әлеуетін күрт арттыра алады. Яғни,   Еураазия құрлығының  тап орталығында болуы және көлік-коммуникациялық желісінің ауқымдылығы  Еуропа -Азия трансқұрлықтық көпірінің аса маңызды буыны атануына негіз қалап отыр. 
None
None

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев  үкімет алдына «Қазақстанды аймақтағы сауда, логистикалық және іскерлік хабына айналдыру» міндетін қойған болатын. Міне осынау жауапты тапсырма бүгінгі таңда қалыпты деңгейде жүзеге   асып жатыр. Қазірдің өзінде елімізде халықаралық маңызға ие бірнеше халықаралық теміржол желісі:  Ресей - Орталық Азия, Қытай -Орталық Азия, Қытай - Иран, Қытай - Ақтау (Солтүстік  - Оңтүстік» және Закавказье елдеріне шығу) жұмыс істеуде.

Ал болашақта құлашты кеңге сілтеуге, аршынды қадамдарға баруға негіз бар. Өйткені, Батыс Еуропа - Қытай, Корей түбегі және Жапония трансазиялық теміржол магистралінің (ТАТМ) солтүстік дәлізі Қазақстан мен Ресей аумағы арқылы өтеді. Бұл бір деңіз. 

ТАТМ оңтүстік дәлізі де оң жамбасынан келіп тұр. Яғни,  Оңтүстік Шығыс Еуропа -Қытай және Түркия арқылы Оңтүстік Шығыс Азия, Иран, Орталық Азия елдері және Қазақстан. Сондай-ақ Қара теңіз, Кавказ және Каспий теңізі арқылы Шығыс Еуропаға жол тарту.

Солтүстік - Оңтүстік: Қазақстанның қатысуымен Ресей және Иран арқылы Парсы шығанағына иек арту. Бұл да таяу болашақтың еншісінде.

Ал ТАТМ-ның Орталық дәлізінің жөні тіпті бөлек. Бұл аймақаралық транзиттік жүк тасымалында маңызды буын іспеттес. Міне осындай қадау-қадау стратегиялық аса маңызды жобалар жүзеге асқан жағдайда ел экономикасының еңсесі көтеріліп, бюджетке толассыз құйылатын жаңа бір қаржы көзінің қайнары ашылары даусыз.

ҚР Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев ағымдағы жылдың ақпан айының басында болған  министрліктің алқа мәжілісінде 2011 жылы  ел аумағы арқылы өтетін транзиттік жүктен түскен кіріс 1 млрд. доллар болғандығын атап өткен еді. Оның айтуынша, транзиттік жүктің салмағы 16,5 млн тоннаны құраған,  бұл көрсеткіш  2010 жылы  15 млн болған еді. Ал 2007 жылы транзиттен түскен кіріс небәрі 500 млн. долларды құраған-ды.

Осы орайда  Қазақстанның транзиттен алатын кірісті 1,1 млрд долларға жеткізуді тек 2015 жылға жоспарлағанын еске түсірсек артықтық етпес. Қазіргі қарқын бұл межені ағымдағы жылдың  соңына дейін бағындыруға болатындығын көрсетіп те отыр. Мұндағы бір ескерері,  министрдің атап өткеніндей, тасымал көлемі  Еуропа мен Азия арасындағы алыс-берістің тек 5 пайыздай бөлігі ғана.  

Сарапшылардың болжамы бойынша, 2015 жылға қарай құрлық арасындағы тауар айналымы ақшаға шаққанда 1 трлн. доллар, ал транзиттен түсетін кіріс шамамен 80 млрд. долларды құрамақ. Осының қандай бөлігі біздің еншімізге бұйырмақ? Мүмкін бұл  біздің әбжіл қимылымызға, серпінді жобаларымызды дер кезінде іске асыра білуімізге де байланысты болар. Әрине, ел имиджін көтеру, алыс та жақын мемлекеттерге қос құрлықтың кіндігінде жайғасқан Қазақстандағы ауқымды істердің жай-жапсарын таныта білу, яғни жүк тасымалында алыс та жақын елдерді қызықтыра білу болашақтағы кіріске бастау болары  анық. Мұнда да алдымен Ұлттық логистиканың төбесі қылтияды.

Бір айта кетерлігі, автомобиль және әуе көлігінің  жүк тасымалдау ағыны бойынша  ауқымы темір жолға қарағанда едәуір кем. Содан да болар, «Қазақстан темір жолы» басты логистикалық оператор  болып бекітілді. Ал ҚТЖ-ның бұл бағыттағы операторлық  ролін күшейту үшін компанияға, сондай-ақ «Қорғас»  Халықаралық шекарамаңы ынтымақтастығы орталығы» АҚ-ға 100 пайыз сенімді басқару  берілді. Бұдан басқа ҚТЖ  арнайы орган - «Көлік логистикасын дамыту жөніндегі ұлттық орталық» АҚ-ны құрды. Аталмыш қоғам еліміздің көлік-логистика әлеуетін дамытуға күш салуда. Бұл өз жемісін бере де бастады.

2012 жылғы сегіз айда 10585 мың тонна жүк тасымалданды. Оның ішінде 6661 мың тонна жүк экспортқа шығарылса, Қытайдан Қазақстанға 3924 мың тонна жүк жеткізілді. Тасымалдаудың бірлескен жоспары бойынша, биылғы жылы 16 жарым миллион тонна жүк тасымалдау жоспарланып отыр. Ол үшін биылғы жыл аяғына дейін тәулігіне Достық-Алашаңқай шекаралық өткелі арқылы 13 жылжымалы құрам тар табанды жолмен жіберілсе (500 жүк тиелген вагон) 12 жылжымалы құрам кең табанды жолмен жөнелтілді. Осы  сегіз айдың қорытындысын саралай келе, 2013 жылы Достық-Алашаңқай  арқылы 17 миллион жүк тасымалдауға болатындығына көз жетіп отыр.

Көзі қарақты оқырман қыркүйек айының басында Қазақстанда қытай шекарасына тартылған Жетіген-Қорғас  жолаушылар тасымалдайтын темір жол желісі ашылғандығынан хабардар болар. Енді биылғы жыл соңына дейін осы жаңа бағыт бойынша жүк пойыздары жүре бастамақ.   Таяу болашақта Жетіген-Қорғас темір жолы  арқылы 25 млн. тонна  қытай тауарларын  орталықазиялық  мемлекеттерге, Ресейге және Еуроодаққа өткізу шындыққа айналмақ. Бұл орайда 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап құрылған Кедендік одақ жаңа мүмкіндік көздерін ашып отыр.  Тарифті біріздендіру   Брест пен Қорғас арасында созылып жатқан орасан зор  қашықтықта«жасыл дәліздің» орнығуына ықпал ететін болады, қазірдің өзінде жағымды әсер ете бастады да.  Өйткені, Кеден одағы елдері шекарасынан өткен (Қазақстанның Қытаймен шекарасы, Қырғызстан, Өзбекстан, және Түркіменстан) тауарлар КО-ның кез келген нүктесіне баж салығынсызжеткізіліп жатыр.

Қазірдің өзінде Қазақстан мен Ресей арасында теміржол өткелдерінде 18 кедендік бақылау қосындары алынып тасталды. Бұндай шаралар Ресей мен Беларусь арасында да жасалды. Енді Қытайдан шыққан тауарлар еш кедергісіз Еуроодақ шекарасына жол тартып жатыр.

Бұл орайда Көлік логистикасының алар орны аса маңызды екендігін, Қазақстан арқылы өтетін темір жолдарға  сырт елдердің қызығушылығын арттыру мәселесін айтпай кетуге болмас. Бұл проблема Кедендік одаққа мүше өзге елдерге де тән. Құрғақтағы көлік бағыттарын құру және іске асыру, заманауи терминалдар, қоймалар салу, жүкті арту мен түсіруде кешенді шараларды жүзеге асыру, жекеменшік және мемлекеттік жүйелердің бірлескен іс-қимылын жолға қою дегендей...

Ал біздің елімізде  алғашқы нақты қадамдар да жасалды. «Қазақстан темір жолы» өткен қыркүйек айында « Көлік логистикасын дамыту ұлттық орталығымен», Kazlogistics көлік-логистикалық қауымдастығымен және ҚР ұлттық экспедиторлар қауымдастығымен  Ұлттық  логистикалық ынтымақтастық жөніндегі төртжақты меморандумға қол қойды. Бұл құжат бойынша  тараптардың жұмысы Қазақстан және Кедендік одақ аумағы және транзиттік жүк ағынын  тарту үшін қолайлы жағдай туғызуға, сондай-ақ  көлік логистикасы шеңберінде  инновациялық қадамдарды жасақтайтын және іске асыратын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік құруға бағытталады. Көлік логистикасының тұжырымы басты бес міндетті: жылдамдық + сервис + құн + сақтау + тұрақтылықты қамтамасыз етуі тиіс.

Қазіргі күні басты  көлік жолдарында инфрақұрылымдарды жолға қою үшін 7 көліктік-логистикалық орталық ашу жоспарлануда. Бұлар: теңіздегі «Батыс қақпа» (Ақтау теңіз порты арқылы Кавказға және Оңтүстік Еуропаға шығу),  құрғақтағы «Шығыс қақпа» (Достық стансасы, келешекте -Қорғас  ТМД елдері және ЕО-ға шығу), «Орталық қақпа» (Қарағанды), «Солтүстік қақпа (Семей арқылы Алтай өлкесі және Сібірге шығу), «Оңтүстік қақпа» «Шымкент арқылы Орталық Азия елдеріне шығу) және «Батыс қақпа» Ақтөбе арқылы ТМД, Балтық елдері және ЕО-ға шығу).

Тағы бір айта кетер жайт,  Вентспилс (Прибалтика), Херсон (Украина), Азов (Ресей), Баку (Әзірбайжан), Амирабад (Иран) қалаларындағы порттардағы астық терминалдарында  Қазақстанның үлесі бар. Осы порттарда еліміздің қатысуымен көлік-логистикалық орталықтар құру  бұл жүйені дамытудың оңтайлы жолы болмақ.

Бұл арада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  шетелдік инвесторлар Кеңесінің 25 пленарлық мәжілісінде  «Жаңа Жібек жолы» жобасын жүзеге асыру басталғандығын  жария еткенін атап өткен орынды болар. «Қазақстан өзінің тарихи ролін жаңғыртуы керек және Еуропа мен Азия арасында көпір болатын  Орталық Азиялық аймақтағы ірі іскер транзиттік хабқа айналуы қажет. Бұл Қазақстанның жетекші көлік дәліздерінде халықаралық деңгейде - сауда-логистикалық, қаржылық-іскерлік, инновациялық-технологиялық және туристік бірегей кешенді хаб құру», - деген еді Мемлекет басшысы.

Қазақстан бүгінгі таңда транзитке қолайлы жағдай туғызып және осыған дейін қолбайлау болып келген кедергілерді жойып, Шығыс пен Батыс арасында құрғақтағы көпір ретінде, яғни Қытайдың батыс бөлігінен тауарларды Еуропаға, Ресейге, Парсы шығанағы елдеріне, Орталық Азия және Кавказға тасымалдайтын қысқа жол ашуға кірісті де. Аса ірі халықаралық ұйымдар мен көлік компанияларының өкілдері   бұл бастаманы қызу қолдауда, олар Қазақстанды Еураазия құрлығындағы  сауда-экономикалық қарым-қатынастың басты қатысушысы ретінде бағалап отыр. 

Осы орайда Еуропа мен Азия елдерінің су көліктері ерсілі-қарсылы толассыз  өтіп жатқан Суец каналындағы су көлігі транзитін еске түсіре кеткенді жөн көріп отырмыз.   Мысыр  осы су жолынан тек 2010 жылы ғана 4,5 млрд. доллар кіріс тапты. Ал  Германия Франкфурт әуежайының инфрақұрылымына дер кезінде миллиардтаған қаржы құйып, кәрі құрлықтағы өзге мемлекеттердің алдын орап кетті. Қазіргі таңда әлемдегі аса ірі «Люфтганза» әуе компаниясы бұл нысанды өзінің базасы ретінде пайдалануда, өзге де ірі компаниялар баршылық. Бұдан түсетін сан миллиардтаған доллар қаржы - неміс бюджетінің бір қайнар көзі.

Ендеше,  Қазақстанның да Еуропа-Азия көпіріне айналып,  қос құрлықты байланыстыратын  ірі транзиттік ел атанар сәті де біртіндеп жақындап келе жатыр. 

Соңғы жаңалықтар