Қазақстанның Қаржы министрлігі мен Швейцарияның Федералдық кеңесі қосарланған салық салуды болдырмау туралы хаттамаға қол қойды
АСТАНА. Қыркүйектің 3-і. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстанның Қаржы министрлігінде ведомство басшысы Болат Жәмішев Швейцария Конфедерациясының қаржы ведомствосының басшысы Ганс-Рудольф Мерцпен кездесті.
Кездесу барысында Қосарланған салық салуды болдырмау туралы Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Швейцарияның Федералдық Кеңесінің арасындағы хаттамаға және Бреттно-Вуд мекемелеріндегі өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
«Қазақстан Швейцария үшін - сыртқы сауда көлемі бойынша Ресейден кейінгі екінші серіктес. Ал Швейцария болса Қазақстан үшін - Еуропамен арадағы тауар айналымының 60 пайызға жуығын қамтитын ел. Қазақстанда 37 бірлескен қазақстан-швейцарлық кәсіпорын жұмыс істейді», деді Болат Жәмішев өз сөзінде.
Ганс-Рудольф Мерц өз кезегінде, бүгінгі кездесудің қос тарап үшін де маңызды екенін атап көрсетті. «Қаржы министрі болып жетінші жыл жұмыс істеп келе жатқандықтан, өзінің тобына кіретін елдердің мүдделерін қолдау Швейцария үшін өте маңызды екенін нық сеніммен айта аламын. Орталық Азия елдерінің арасында Қазақстан - Швейцарияның маңызды серіктестерінің бірі болып табылады», - деп түйіндеді өз сөзін Ганс-Рудольф Мерц.